Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында сантехник мамандардың орны қашанда ерекше. Әсіресе, жылыту маусымы басталған тұста олардың мойнына артылатын жауапкершілік бірнеше есе арта түседі. Қала өмірінің қалыпты өтуі, тұрғындардың үйінде жылу мен судың үздіксіз болуы - көбіне күн-түн демей еңбек етіп жүрген осы мамандарға тікелей байланысты. Алайда көзге көріне бермейтін бұл жауапты кәсіп иелерінің еңбегін біреу білсе, біреу біле бермейді.
2025 жыл “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жарияланды. Бұл – еңбек нарығын дамытуға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Себебі дәл осы сала иелері ел экономикасының іргесін бекітіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда шешуші рөл атқарып келеді. Күнделікті өмірімізде аса маңызды рөл атқаратын, бірақ көбіне елеусіз қалып жататын сантехник мамандығы иелерін бүгін кеңірек таныстырып өтуді жөн санадық.
Осы жауапты салада ұзақ жылдан бері табан аудармай еңбек етіп жүрген жандардың бірі - Тоқаш Аязбаев. Ол «Жылыойсу» мекемесінде 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Жаңа Қаратон кентінде дүниеге келген еңбек адамы жастайынан маңдай термен табыс табуға үйренген. Бүгінде зейнет жасына таяп қалса да, өз жұмысына деген жауапкершілік пен адалдықтан айныған емес. Қиындығына қарамастан, әрбір тапсырманы мінсіз орындап, ел алғысына бөленіп жүрген жан.
Қазіргі қала өмірін сантехниксіз елестету мүмкін емес. Таңертең кранды ашып, таза судың еркін ағуы, қыстың қақаған аязында үй ішінің жылы болуы, кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі барлығы осы бір мамандық иелерінің тынымсыз еңбегінің нәтижесі. Олар көзге көрінбейді, бірақ әр үйдің тыныштығын, әр отбасының жайлылығын қамтамасыз етіп жүрген нағыз еңбек адамдары.
- Бір үйде құбыр жарылса бұл тек бір отбасының емес, тұтас подъездің мәселесіне айналады. Ал ондай сәтте бірінші болып жететін сантехник. Түнде, демалыс күндері, боранда, жаңбырда – қоңырау түссе болды, әп сәтте барып тұрамыз. Бұл уақытпен санаспайтын мамандық,-дейді, Тоқаш Аязбаев.
Ал осы салада 8 жылдан астам қызметте жүрген келесі кейіпкеріміз Серікқали Нұрсұлтанұлы. Ол Маңғыстау облысында дүниеге келген, бүгінде үш қыздың асқар таудай әкесі. 2017 жылдан бері слесарь-сантехник жөндеуші қызметін атқарып келеді. Осы жылдар аралығында маман иесі талай апатты жағдайдың алдын алып, жүздеген отбасының жайлы өмір сүруіне өз үлесін қосқан.
Екі кейіпкеріміз де қаланың барлық ықшам ауданын толық қамтып, тұрғындардың күнделікті тұрмысындағы ең маңызды қажеттіліктердің бірі су мен жылудың тұрақты берілуіне жауапты.Серікқали Нұрсұлтанұлы өз мамандығы жайлы былай дейді:
-Біз кейде таңмен таласа шығып, түн ортасына дейін дамылсыз жұмыс істейміз. Қыстың қақаған суығында да, жаздың аптабында да адамдар үйінде жылу мен су үзілмес үшін аянбаймыз. Өз жұмысымды шын жүректен жақсы көремін,-дейді ол.
Бұл сантехник мамандығының сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ішкі жауапкершілігі мен салмағы ерекше екенін дәлелдей түсетін сөз. Себебі олардың бір сәттік еңбегі бүтін бір үйдің, бір ықшам ауданның тынысын қалпына келтіреді.
Қорыта айтқанда, сантехник мамандары – елеусіз еңбек иесі емес, елдің жайлы өмірінің тірегі. Осындай қарапайым, бірақ қажырлы еңбектерімен қоғамға өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтар әрдайым құрметке лайық. Сондықтан еңбек адамына деген құрмет сөзбен емес, нақты қолдаумен көрініс табуы тиіс.
А.Ерденқызы



