Жауапкершілік баладан бастау алады

Жастардың болашағы – елдің ертеңі.

Бірақ соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы ұсақ құқық бұзушылықтар, тәртіпке бағынбау, үлкенді сыйламау жағдайлары көбейіп кеткенін күнделікті тіршіліктен-ақ аңғаруға болады. Бір қарағанда, ойын баласының қылығы болып көрінетін іс-қимылдар кейін үлкен қылмысқа бастайтын әрекеттерге айналуы мүмкін. Ал балаға тәрбие бере алмай, ащы судың артынан кеткен ата-аналар ше?! Мұндайда тек баланы ғана емес, ата-ананы да жауапкершілік күтетінін ескерген жөн. Бұл ретте ауданымызда кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия отырысы жасөспірімдердің мінез-құлқы, ортасы мен тәрбиесін, сондай-ақ олардың ата-анасын жиі талқыға салады. Жиынның басты мақсаты жастарды айыптау емес – қорғау, кекету емес – түзету. Өткен аптада өткен кезекті басқосу да осы мәнін жоғалтпады.

Артық сөйлеймін деп пәле тіледі

Шілде айының соңында болған бұл оқиға қылмыс болып саналмаса да жасөспірім тәртібінің деңгейін көрсеткендей. Мән-жайды тарқатсақ, полиция бөліміне хабарласқан елуден асқан қаратондық азамат өзіне жала жабылғанын айтып шағымданады. Оның сөзінше, көршісінің жоғары сынып оқитын жасөспірім қызы ар-намысына тиетін сөздер айтып, ватсап қосымшасы арқылы ар-ожданына нұқсан келтіретін аудио жазбалар жіберген. Істі толық зерттеу кезінде көршілер арасындағы түсініспеушілік алдымен ересектер арасында болғанын білдік. Жасөспірім қыздың анасы көрші үйдің иесіне хабарласып, жұмыста жүрген оған отбасына қатысты бірнеше ақпарат айтқан. Ал көршісі оның айтқан әр сөзінен бейхабар екендігін жеткізді. Кейін бұл кикілжің үлкен дауға айналып, ересектер арасындағы мәселеге мектеп оқушысы да басын сұғады. Анасының сөзін қостап, көрші үйдің ерлі-зайыптыларының арасына жалған мәлімет таратып, олардың беделін түсіретін аудиожазбалар жіберген қаршадай қыз осылайша комиссия отырысынан бір шығады.

Ойына келген оңтайлы сөздің бәрін қолданып, ересек адамның ар-ожданына тиетін ауыр-ауыр сөйлеген қыздың өкінішке қарай, жазбасын оқып, аудиосын тыңдай алмадық. Оған өзінің кешірім сұрап, қатты өкінетіндігі себеп болды. Оның үстіне жасаған іс-әрекеттерін мойындап, қателік жасағанын растады. Ал анасы өздерін ақтаумен болды. Комиссия отырысына жоғары сынып оқушысының сынып жетекшісі де келген еді. Өз шәкіртінен мұндай іс-әрекетті алғаш көрген ол жасөспірімнің сабақ үлгерімінің жақсы екенін, сондай-ақ білім ордасында үнемі ұқыпты, опа-далапқа қызықпай жүретіндігін баса айтты. Және оның аудиожазбасының көпшілік арасында тыңдалмауын сұрады. Өйткені ол қатесін түсініп тұрған мектеп оқушысының стреске түсіп кетуі мүмкін екенін айтты. Бұл пікірге аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова да қосылып, бойжетіп келе жатқан қызға тек ескерту жасады. Сондай-ақ ол «біз сенің құқығыңды қорғағалы отырмыз. Бұл жерде қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – қатеңді түсінсең болды. Мұндай жағдай енді қайталанбайды деп ойлаймын»,-деп қолдау білдірді. Десек те жасөспірімнің анасына «Кәмелетке толмаған балаларын тәрбиелік жөніндегі міндетін орындамағаны үшін» әкімшілік шара қолданылатын болды. Мәселе ұсақ құқық бұзушылық болып табылмаса да, жалған ақпарат таратқандығы үшін жаза осыдан аспады.

«Үйге ересек адамдар жинайды...»

Күн тәртібіндегі екінші мәселе төрт бірдей баласына бас көз бола алмай жүрген жалғызбасты ана тағдырымен жалғасты. Бұл отбасы жөнінде балалардың заңды әкесі баяндап, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Ол өз сөзінде кәмелет жасына толмаған төрт баласына алаңдайтындығын, аналарының ішкілікке салынып, үйіне адам жинайтындығын айтып шағымданған. Істің мән-жайын анықтау мақсатында тәртіп сақшылары жасөспірімдер мен олардың аналарын алдырып, комиссия мүшелері арқылы ақпараттың рас-өтірігін анықтады.

Алқалы жиынға келген жалғызбасты ана бірнеше ай бұрын ғана жолдасымен заңды түрде ажырасқандығын және балалардың өзімен қалғанын растады. Баспанасы жоқ ол бүгінде бөлесінің үйінде тұрып жатқандығын айтты. Полиция бөліміне арыз түсірген балалардың әкесімен ол арадағы түсініспеушіліктер мен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы мәселелер әсерінен екі жаққа кеткен. Десек де, балалардың екі үлкені үнемі әкесінің үйінде жүретін көрінеді. Және олар мұнда өз еркімен баратындығын жеткізді. Бұл жөнінде нақты білгісі келген комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова төрт бүлдіршіннің алдыңғы екі үлкенін жанына шақырып, бірнеше сұрақтар қойды. Алдымен, «анаңның ащы су ішетіні рас па?» дегеніне балалар басын изеді. Кейін аналарының өзге ересек адамдарды үйге жинап, қосылып ішімдік ішетіндігін де растады. Бұл ретте балалардың апасы, нақтырақ айтқанда, әкелерінің апасы да өз ойын білдіріп, үйге жиналған бөтен ер адамдардың балаларға тиісетіндігін қоса айтты. Комиссия отырысына арнайы келген ол балалардың анасымен тұруы қауіпті екенін айтып, осы мәселенің нақты шешімін тауып беруді сұрады. Бұл ретте «Отбасын қолдау» орталығының психологы А.Қайратқызы кәмелеттік жасқа толмаған балалардан психологиялық жарақат белгілерін анықтаған. Және өз сөзінде «Барлық 4 бала да әртүрлі деңгейдегі стресс алған. Эмоциялық тұрғыда шаршаған. Отбасылық ортада қорғансыз және қауіпсіздік сезімі бұзылған. Оларды тәрбиелеу барысында қолданылған зорлық-зомбылық, ата-ана тарапынан немқұрайлылық, алкогольдік ортаның тұрақты болуы олардың дамуына кері әсерін тигізуде. Балаларға шұғыл түрде қорған, тұрақты және қауіпсіз орта, сондай-ақ психологиялық қолдау қажет»,-деді олармен жұмыс жасау барысына тоқталып.

Комиссия мүшелері жан-жақты ақылдасу барысында, алдымен, балалардың біліміне алаңдады. Өйткені, олардың ата-аналары ажырасқаннан бері жасөспірімдер тұрғылықты жерін бірнеше рет ауыстырған. Соған сәйкес мектепке қатынаулары қиындаған. Осы мәселе төңірегінде ұзақ ойланған комиссия төрағасы көп балалы ананы екі кішкентай баласымен ауданымыздағы отбасын қолдау орталығына жайғастыруды ұйғарды. Ал екі үлкеніне өздерінің қалауы бойынша әкесінің үйінде тұруға рұқсат берді. Бұл шешім, біріншіден, олардың қауіпсіздігі үшін болса, екіншіден, әкелерінің заңды өкілі ретінде тәрбиелей алатындығында еді. Және «ол шаңырақта балаларды әкесінің анасы, яғни әжелері тәрбиелеуге келісіп отыр» дейді балалардың апасы. Мәселе шешімін осылай тапты. Енді көп балалы ана «Отбасын қолдау» орталығына орналасып, мамандардың бақылауына алынады және 10 күндік психологиялық ем-шара қабылдайтын болды. Ал екі үлкені қауіпсіз жерге орналасып, білімін жалғастырады.

Қай қоғамның да өзегін ұстап тұрған – отбасы, ал оның болашағы – бала. Әрбір жасөспірімнің қателігі тек өзіне ғана емес, бүкіл ортаға әсер ететінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан мұндай жағдайлар тек жазалау үшін емес, түзету үшін қаралып, дер кезінде қолдау көрсетіледі. Оның үстіне баланың жүрегін жаралап алмай, оның болашағына жарық сәуле түсіру – бәріміздің ортақ міндетіміз. Өйткені әр бүлдіршін – ертеңгі елдің иесі, әр отбасы – қоғамның тірегі. Ал олардың тағдырына бейжай қарау келешегімізге балта шабумен тең.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT