Жуырда аудан әкімі Жұмабек Қаражанов аудан жанашырлары мен ортада қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген жылыойлық тұрғындармен кездесті.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ә.Шәкіров, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ә.Сисенбердиев, аудандық мәслихат депутаттары және бөлім басшылары мен белсенді азаматтар қатысты.
Жиналыста бірнеше мәселелер қаралды. Өзекті мәселелердің бірі - қалаға кіреберістегі жасыл белдеу аумағына отырғызылған жас шыбықтардың көктемей, қадағалаусыз қалғаны еді. Аудан басшысы осы мәселеге орай жауапты бөлім басшысына тапсырма берді. Жасыл белдеу аумағына отырғызылған әрбір түптің өсуіне жауапты мердігер мекеме өз міндетін адал атқаруы тиіс, ал жұмыстар күз мезгілінде жалғасын таппақ.
Сондай-ақ, 5а ықшам ауданындағы қаңыраған бос ғимарат және оның қауіптілігі туралы да айтылды. Ғимаратқа қоршау орнату қажеттілігі ескертілді. Сонымен қатар, кездесуде көше тазалығы мәселесі де қозғалды. Қала ішінде 58 қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар бар. Қоқыстарды жел ұшырып, мал мен ит-мысықтар шашып кетпеуі үшін олардың сырты темір тормен қоршалады.
Құрсай өзегі жағалауындағы жарық шамдардың жанбай қалуы да қала көркінке нұқсан келтіруде. Бұл мәселе бойынша да аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берді. Жақын арада жарық шамдарды ауыстыру жұмыстары жүргізілмек.
Өз тілшіміз