Асыл дініміз бөлінуге емес, бірігуге шақырады. Тура жолдан таймай, адал ас ішіп, адал еңбек етуге бастайды. Десек те, әлеуметтік желінің көш бастап тұрған заманында ақ пен қараны ажыратып, дұрыс пен бұрысты таба білу – қиынның қиыны. Ондағы Алланың атымен басталған әңгіменің соңы жастардың жат дін ағымының жетегінде кетуіне әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Осы және басқа да мәселелерді кеңінен талқылаған «Жастар – діни экстремизмге қарсы» атты облыстық діни форумның мақсаты да қоғамдағы осы бір өзекті проблеманы шешуге күш салу еді. «Білім іздену– барлық мұсылманға парыз» Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен және «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен Құлсары қаласындағы №8 білім ордасының төрінде өткен «Жастар – діни экстремизмге қарсы» атты бұл облыстық іс-шара жастар арасындағы діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жұмысын күшейту, радикалды идеологияның таралуының алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, діни экстремизмнің қаупін түсіндіруді көздеді. Шараға облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев, аудандық полиция бөлімінің экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының аға жедел уәкілі Айбат Бекмұратов, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі Қарас Қазиев, аудандық «Кең Жылой» газетінің тілшісі Диана Ізбасарова, «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық қорының теологы Думан Күмісбек пен аудандық мәслихат депутаты Әлібек Амандықов қатысып, жастарға ой саларлық әңгімелерімен бөлісті. Олар жастарды дін мен дәстүрді ұштастырып, ұлттық құндылықтарды ұмытпауға шақырды. Және әлеуметтік желідегі түрлі уағыздарды сараптан өткізуін сұрады. Келелі кездесуге Сәфи Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық және Темірхан Байсырымов атындағы Құлсары гуманитарлық-техникалық колледждерінің, сондай-ақ «Мед-профи» колледжінің студентері мен аудан мектептерінің оқушылары көптеп қатысты. «Экстремизмге қарсы иммунитет: жастар тәрбиесіндегі маңызды факторлар» тақырыбында сөз сөйлеген облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Думан Күмісбек жиналған жастарға алдын ала дайындаған материалын ұсынып: - Білім екіге бөлінеді. Дүнияуи білім және ақыреттік білім. Бұл жердегі дүнияуи білім дегеніміз ол - бәріміздің оқыған мектептегі біліміміз. Яғни, физика, математика, химия сынды дәрістер. Ал ақыреттік білім дегеніміз, ол – келесі өмірге арналған ілім. Жат ағымдар осы екі оқудың бізге тек ақыреттік білімі қажет дейді. «Жер бетіне біздер келесі өмірге дайындалу үшін және ақыреттегі сұрақтарға жауап іздеу мақсатында келеміз, сондықтан мектеп, колледж, универдегі білімнің қажеті жоқ» дейді. Ал шынайы ислам діні мұны жоққа шығарады. Алла өзінің шариғатын адамзатқа алғашқы түсірген кезден-ақ білім ізденудің маңыздылығын айтқан. Бұған Мұхаммедке (с.ғ.с.) алғашқы түскен мына аят дәлел бола алады: «(Ей, Мұхаммед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен». Адамзаттың ұстазы болған Пайғамбарымыз да (с.ғ.с) білім алуға байланысты көптеген хадистер айтып кеткен. Солардың бірі: «Білімді бесіктен көрге дейін ізденіңдер» десе, тағы бір хадисте «Білім іздену - барлық мұсылманға парыз» деген. Міне, осыдан-ақ асыл дініміз бен жат ағымдарды оңай ажырата аламыз. Сондықтан, жастар «Мен – мұсылманмын!» десеңіздер білім алыңыздар, ғылымға ілесіңіздер, еңбектеніңіздер. Бізде 12-18 жас аралығы тұлғалық қалыптасу кезеңі саналады. Яғни, осы жас аралығында алған білімдеріңіз мида мәңгі сақталады. Қазақтың данагөй ханы Абылай хан "Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік" деп өсиет қалдырды біздерге. Қазір, білімге сенген заман. Сол үшін жастық оты жалындап тұрған шақта ізденіп қалуға, үйреніп қалуға, білім алып, оқып қалуға тырысыңыздар,-деді жиналған оқушыларға дем беріп. Кері идеологияға қарсы иммунитет керек «Ұлттық құндылықтар – ұлт болмысының негізі» тақырыбында баяндамасын ұсынған аудандық мәслихат депутаты Әлібек Амандықов жастарды көне дәстүрімізді бағалап, дәстүр мен дінді бір-біріне қарсы қоюдан алыс болуға шақырды. - Ұлттық құндылық дегенде ойларыңызға не келеді? Иә, бесік тербетіп отырған ана, шілдехана, сүндеттелген бала, ырым-тыйымдар, әйтеуір, қазақы болмыс елестейтіні рас қой. Бұның барлығы біздің ата-бабаның сара жолымен келген қанымызға сіңген дәстүріміз. Біз оны «тарихымызда болмады» деп жоққа шығара алмаймыз. Десек те, ата салттан безіп, ұлттық дәстүрден теріс айналып, сәлем салуды – Құдайға серік қосу, ас беруді – харам, бата беруді – биғадат дейтіндердің саны көбейіп келеді. Бұл адасушылықтың айқын белгісі. Жастар, дін мен дәстүр біте қайнасқан жүйе. Екеуі бір-бірін әркез толықтырып тұрады. Оның үстіне, халқымыздағы әр дәстүр тазалыққа, бірлікке жол бастайды. Дін саласы мамандарының сөзінше, келін үлкендерге сәлемін табыну мақсатында салса, онда әрине ол қате. Бірақ біздің халық ондайға жол бермейді ғой. Келіндер қариядан бата алу үшін ғана иіліп, сыйластығын білдіреді емес пе?! Біз батамен көгерген халықпыз. Талай шыңға шығып, талай биікті бағындырғанымыз сол арқа сүйер әкеміз бен ақ жаулықты анамыздың ақ батасының арқасында деп білуіміз қажет. Сондықтан, дінді берік ұстанамын деп дәстүрден безген адамды көрсеңіз, қашыңыз дегім келеді. Ал жат ағымды ажырату үшін немесе қандайда бір ислам діні төңірегінде сұрағыңыз болса ресми ақпарат көзіне сүйеніңіздер. Бізде Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының сайты бар, сол сайттан әр уағыз-әңгіменің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп барып, санаға сіңіріңіздер. Одан кейін әр аудан, ауылда мешіт бар. Сондағы бас имамға барсаңыздар сұрақтарыңызға нақты жауабын береді,-деді өз сөзінде. Осы тектес мәселелерді кеңінен талқылаған діни форум жастарға пайдалы болғаны сөзсіз. Оған іс-шараға белсенді қатысып, бір демде тыңдап, көкейтесті сұрақтарын қойған оқушылар дәлел. «Кейде үлкендер мешітке 5-6 жастағы баласын да ертіп барып жатады, оның мақсаты неде?» деген сауалға облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев жауап берді: - Ата-аналар балаларына жамандық тілемейді ғой. Иә, мешіттен әкелеріне еріп келетін кішкентай ұлдарды жиі көреміз. Ол жерге әкелер «осы бастан балам өз Алласын танысын. Қасиетті Құранға жақын жүрсін, жүрегінде иманы бар салиқалы ұрпақтың қатарынан болсын» деген мақсатпен апарып жатады. Асылында, біз ұлымызды қанша тәрбиелесек те бала бәрібір әкеге ұқсап өседі. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесімен айналыспай тұрып, алдымен, өзімізді жөндеп алғанымыз дұрыс. Мешітке бала әкелудің де астары осында,-деді қысқа да нұсқа. Одан кейін жастар арасынан «Дәстүр мен діннің ұштасуы бізді жат ағымдардан қорғай ала ма?» деген де орынды сұрақ қойылды. Оған «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық қорының теологы Думан Күмісбек жауап беріп, қос құндылық ұштасса, жастарды жат ағымнан қорғай алатынын өз сөзімен дәлелдеп берді. Жиналған оқушылар мен студенттердің шараға қызығушылық танытып, ашылып, сұрақ қойып, кері байланыс жасауы сала мамандарының көңілінен шығып, бір марқайып қалды. Сөз соңында Алламен байланыс әр адамның өз жүрегінде болуы қажеттігін, оны айналаға насихаттаудың да керек еместігін ескертіп, оқушыларға мемлекет заңына ғана бағынып, мектеп формасын сақтауға шақырды. Ал намазға жығылғысы келетін студент ұл-қыздарға, ең әуелі, ата-анамен ақылдасуды үндеді. Көрермен сөзінше, «Жастар – діни экстремизмге қарсы» атты облыстық форум - жастардың дінге деген көзқарасын оятып, оларды радикалды ағымдардан қорғауға бағытталған маңызды басқосу болды. Форум барысында дін мен дәстүр сабақтастығы, білімнің маңыздылығы, ұлттық құндылық секілді мәселелер кеңінен сөз болды. Сала мамандары мен қоғам белсенділері жастарға теріс ағымдар идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастырудың жолдарын көрсете білді.
Д.ДЕРБІС