Биыл еліміз Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылайды. 2025 жыл, расында да, еліміз үшін еселі еңбек етіп жүрген жұмысшы-қызметкерлердің өміріне тың серпін берді. Мемлекет басшысының бастамасы өңірімізде жұмысшы мамандарын даярлайтын С.Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің педагогикалық ұжымының қызметін де жаңа арнаға бұрды. Таяуда құрылғанына 60 жылдығын атап өткен оқу ордасы басшылығы ауданның кәсіптік білім көкжиегін кеңейтуге атсалысқан ардагер-ұстаздарды да ұмытпай, ұлығылап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етіп келеді. Соның бірі – еңбек ардагері, құлсарылық Жаңай Қаражанов ақсақал.
Ол осы ұстаздар ұжымында колледж алғаш селолық кәсіптік-техникалық училище болып тұрған кеңес дәуірінде табан аудармастан 25 жыл жұмыс жасады. Ширек ғасырлық педагогикалық маңдай тері текке кеткен жоқ. Оның даярлаған жұмысшы мамандары күні бүгін өңірдің халық шаруашылығының әрқилы саласында еселі еңбек етіп жүр. Оны ұстазы ретінде қатты құрметтейді, сыйлайды, қадір тұтады.
Жәкең алғаш училищеге қызметке келгенде 23 жастағы жас маман еді. Бірақ оған дейін де біраз асуларды артқа тастап үлгерді. 1959 жылы алтын ұядан қанат қағып, арман қуып ару Алатау бөктеріне бет алды. Алматы қаласының Талғарындағы ауыл және орман шаруашылығы техникумына түсіп, оны бітіре сала әскер қатарына аттанды. Балтық теңізінің жағалауындағы Калининград аймағында үш жыл жауынгерлік жолдан өтіп, құрыштай шынықты. Полк қолбасшылығы жылыойлық жауынгерді әскери борышын адал атқарғаны және озық қызметі үшін алғыс арқалатты. Онымен қоймай, Қазақстанның сол кездегі Целиноград қаласындағы ауыл шаруашылығы институтына жолдама береді. Сөйтіп жоғары оқу ордасына сырттай қабылданып, инженер-механик мамандығын меңгеруге кіріскен жас жігіт ауылға сарбаз әрі студент атанып, аман-есен оралады.
Елге келгесін алғашқы еңбек жолын «Қазақстан» совхозынан бастайды. Онда өңірге белгілі азамат Қапан Балжігітовтің қарауында еңбек етіп, шаруашылықтың қойын қырқу, мал ұрықтандыру жұмыстарын жасады. Айналдырған екі айдың ішінде еселі еңбегімен көзге түскен жас жұмысшыға риза болған кеңшар басшылары марапат ретінде сыйлыққа екі тоқты тарту етеді.
Бірақ орта арнаулы білімі бар және институтта сырттай жоғары білім алып жатқан жас маманның арман-мақсаты мал шаруашылығы саласының шеңберімен шектеліп қалмаса керек. Одан да биік белестерді бағындыруды көздеген Жаңай Қаражанов 1963 жылы аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Құлсарыдан жаңадан құрылған кәсіптік-техникалық училищеге жіберіледі. Осылайша кәсіптік білім саласындағы алғашқы еңбек жолын бастаған жас маман осы оқу ордасында ұзақ жыл қызмет атқарады. Ширек ғасыр бойына өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында аянбай тер төкті. Оның қолынан өткен жастар өңірдің өндірісі үшін дайын жұмысшы мамандары ретінде шыңдалып шығып, халық шаруашылығының әрқилы саласына жол тартты.
- Әрине, сол кездегі жастармен жұмыс жасау қиын да қызықты болды. Жоғарғы жақтың тапсырмасымен училище оқушылары шалғай ауылдағы мал қосындарына жұмысқа тартылатын еді. Бұл бір жағы жасөспірім-балалардың тәжірибе үйренуі үшін де керек. Өйткені ол уақыттағы «СПТУ» аталған оқу орыны ауыл шаруашылығы бағытындағы жұмысшы мамандарын даярлады. Сондықтан өзіміз де совхоздарға шығып, онда еңбек етіп жатқан оқушыларымыздың жағдайын көзбен көріп, хал-ахуалын білу үшін сол қыстақтардың мал қораларын, жатын орындарын аралап, жиі тексеріске шығамыз. Кейде сондай «рейдтік жұмыстарға» аудан басшысы Миллят Сабырованың өзі де қатысатын,-дейді өткен күндерді еске алған кәсіптік білімнің ардагері Жаңай Қаражанов.
Жәкең осы училище қабырғасында жүріп, 1968 жылы коммунистік партия қатарына өтті. Ал 1969 жылы сырттай оқып жүрген Целиноград қаласындағы институтты тәмамдап, жоғары білім алып шықты. Бұл оған бұрынғыдан да бетер зор жауапкершілік жүктеді. Сондықтан өз міндетін мінсіз атқаруға тырысқан жас мұғалім аға буыннан үйрене жүріп, болашақ жұмысшыларды дайындау ісінде тереңге тәжірибе бойлатты. Ерен еңбегімен көзге түсіп, озаттар сапынан көріне білді. Сол дәуірде «Қазақ КСР кәсіптік білім беру жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – соның айғағы. Осы училищеде жұмыс жасап жүріп бірнеше мақтау қағазы мен Құрмет грамоталармен марапатталып, «Еңбек ардагері» медалімен де наградталды.
Теңіз кеніші игеріліп, өңірдің өндірісі өркендегесін Жәкең де өз қызметін ауыстырып, үлкен кәсіпорында бағын сынап көрді. Сөйтіп 1988 жылы «СУМР» мекемесіне жұмысқа орналасты. Училищенің ұстаздар ұжымы бір жерде үзбей 25 жыл қызмет атқарған әріптесімен қимай қоштасты. Өйткені Жаңай Қаражанов ауданның кәсіптік білім беру саласынан өзіндік сара соқпағын сала білді. Жаңа орында да жақсы жағынан көзге түсті. Механик, техника қауіпсіздігі жөніндегі инженер қызметтерін абыроймен атқарып, 2000 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты.
Бүгінде 86 жастағы Жаңай Қаражанов ақсақал өмірлік жары Балтүйме Атабаевамен бірге екі перзент сүйіп, одан бес немере көрді. Барлығы да өмірден өз орнын тауып отыр. «Өмір деген ағын судай, өтеді де кетеді» деп жазушы Әзілхан Нұршайықов айтқандай, Балтүймесі жалғаннан бұрын кетіп қалғаны болмаса, Жәкең әлі де тың. Жапырағы жайылған мәуелі алып бәйтеректей әулетінің ғана емес, ауданның абыз-ақсақалы ретінде жастарға айтар ақылы мен ғибратты әңгімесі таусылар емес.
Меңдібай ХАЙРУЛЛИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ауданның Құрметті азаматы



