Жастар ана тілдің қадіріне жетпей жүр

Ана тілдің мәртебесі, сөйлеу мәдениетінің өзектілігі қашанда алдыңғы орында тұрады. Қай халық болмасын бұл мәселені айналып өткен емес. «Тілін білмеген, түбін білмейді» деген аталы сөз де бекер айтылмаған.

Қазіргі таңда елімізде тіл мәселесінің көкейкестілігі арта түсті. Туған тілдің келешегі қазіргі жастарда десек, сол жастардың бүгінгі таңда тілді қолдануы қандай жағдайда екендігін осы мақаламда зерделеп көрмекпін.
Таңның атысы, күннің батысы әлеуметтік желіде отыратын жастар ұзақ жазуға еріне ме, әлде мұның өзге бір себебі бар ма, әйтеуір, жаргондармен қысқа ғана жазуға құмар. Тіпті, ғаламтордағы кейбір жазбалардан тыныс белгілерді мүлдем таба алмайсың. Ал енді бірі сөйлемнің басын, адамның атын үлкен әріппен жазу деген ережені мүлдем ұмытқан. Бұл олардың күнделікті жазу дағдысына айналып кетсе керек.
Мұны қазіргі жастар «сәнді сөйлеймін» деп мақтаныш көрсе, аға буын өкілдері «қазақ тілінің шұбарлануы» деп айыптайды.
Жастар қашан да жаналыққа, түрлі өзгерістерге, ерекше стильге құмартып жүреді. Жас буынның бойындағы жаңашылдықтың көріністерін тек қана олардың киім киісінен, шаш үлгісінен, өзін-өзі ұстауынан ғана емес, сонымен қатар, сөйлеу тілінен де байқай аламыз. Осы көріністер арқылы жастардың таным түсінігі мен жалпы қоғамның тынысын біле аламыз. Дегенмен, трендтің арбауында кеткен жастардың тілімізге немқұрайлықпен қарауы - қазіргі таңдағы басты проблемаға айналып отыр.
Жастардың сөйлеу мәдениеті көретін киноларына, оқитын мәліметтеріне, тамашалайтын жаңалықтарына байланысты қалыптасады. Әзіл-сықақтан, жаңадан жарыққа шығып жатқан жеңіл мағыналы фильмдерден үлгі ала отырып заманауи сөздер пайда болады. Олардың екі сөздерінің бірінде қолданылатын сленгтер мен жаргондар тілімізді одан әрі ластап, құндылығын күннен-күнге жоғалтып бара жатқандығы баршамызға аян.
Бүгінгі жастар сленгтер (белгілі бір аптада қолданылатын, қалыпты тілден ауытқыған, мысқылды сөздер) мен жаргондарды әртүрлі себептерге байланысты қолдануы мүмкін: әсер қалдыру, елден ерекше болу, өзгелер түсінбеу үшін, белгілі бір әлеуметтік топқа жататынын көрсету үшін, кейде әзіл ретінде де айтып жататындары бар. Бірақ мұның соңы өз тілімізді ластап, ұмыт қып жіберері сөзсіз.
Тіл - қай ұлтта, қай елде болмасын қасиетті де құдіретті. Сол себепті әр адамзат баласының бойында өз туған тіліне деген сүйіспеншілік болуы керек. Ана тілінің тамырын терең қалыптастырған елдің ғана болашағы жарқын болмақ. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап анамыздың сүтімен бойымызға қалыптасқан тілімізді шұбарлау-арды шұбарлау, көңіл тұнығын майлау болады.
Болашақ бүгіннен басталады. Қазақ тілінде таза сөйлеп, оған деген құрметімізді арттыра түскенде ғана, қазақ тілінің арасына еніп кеткен паразит сөздердің жойылуы хақ. «Ана тілі дегеніміз-сол тілдің жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын сол халықтың мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана оны аяққа басады»,-дейді жазушы Ғ.Мүсірепов.
Ел болып, жұмылып тілімізді дәріптесек, тарихымызды, дәстүрімізді, мәдениетімізді сақтап қала алатынымыз айқын.

Айкерім ШАҒАТАЕВА,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT