Жасөспірімдер неге қылмыс жасайды?

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Отырыс барысында ең алдымен П. есімді жасөспірімге қатысты оқиға талқыланды. 2025 жылғы 10 желтоқсанда сағат 20:19 шамасында 102 нөміріне жас жеткіншектің дене жарақатымен қаралып жатқаны туралы хабар түскен. Бұл оқиға аудандық полиция бөліміне тіркеліп, тиісті тергеу жұмыстары басталған.

Полицияға түсірілген арызға сәйкес, жасөспірімнің анасы қазан айының 22-сінде ұлын ұрып кеткені туралы хабарлаған. Аудандық полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының учаскелік инспекторы, полиция майоры К.Сағымбеков оқиғаның мән-жайын анықтайды. Тексеру барысында қазан айының 10-ында жасөспірім П-ны соққыға жығып, дене жарақатын салған балалар анықталып, полицияға жеткізілген. Анықтау кезінде 9 желтоқсанда Б. есімді жасөспірім ағасымен бірге С. есімді мүгедек кісінің тапсырмасы бойынша 5 ықшам ауданындағы пәтердің коммуналдық көрсеткіштерін суретке түсіруге жіберілгені белгілі болды. Алайда достарымен алдын ала сөз байласып, ұйымдасқан түрде П. есімді жасөспірімді 5 ықшам ауданындағы пәтерге шақырып, пәтер ішінде соққыға жығып, дене жарақатын салған.

Осы оқиғаға байланысты жасөспірімдердің ата-аналарына ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы 1-бөлігі бойынша 19 960 теңге және 435-бабы бойынша 13 762 теңге көлемінде айыппұл салынды. Комиссия бұл жағдайды ата-аналардың балаларын тәрбиелеу және мінез-құлқын бақылау жұмыстарын жүргізе алмауымен байланыстырып, олардың полиция бөлімінің есебіне алынуы қажеттігін атап өтті.

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова тергеу жұмыстарын қайта жүргізуді және жауапты сала мамандарына жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды. Комиссия мүшелері ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, балалардың мінез-құлқын бақылауды күшейтуді ұсынды. Комиссияның екінші мәселесі А. есімді жасөспірімге қатысты болды. Бұған дейінгі жиындарда оқушының мектеп формасын сақтамауы және білім ордасына орамалмен келуі бірнеше рет қаралған болатын. Осы уақытқа дейін оқушының ата-анасымен бес рет мектеп директоры жанында кезектен тыс кеңес өткізілген. 

А. есімді жасөспірім қыз орамал тағу өзінің жеке шешімі екенін айтты. Оны ешкім мәжбүрлемеген. Ол мектеп формасын толық киетінін, тек басында орамал болатынын жеткізді және бұл шешімінен қайтпайтынын айтты. Комиссия мүшелері бұл мәселені тиісті департаментке жолдайтынын хабарлады. Сонымен қатар, қызды мектептік есепке қоятындарын ескертті. Әкесі бұл шешімге қарсы шығып, орамал тағуға тыйым салатын нақты заң немесе ресми шешім жоқ екенін айтты. Оның айтуынша, бұл әрекет қызының сенімі мен жеке құқығын шектеу болып отыр. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова жасөспірімдер арасындағы қылмыстың республика бойынша 140 пайызға өскенін атап өтті. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы тәртіпті күшейтуді және ата-аналармен тығыз жұмыс жүргізуді қажет етеді. 

Жиында жауапты мамандарға бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жұмыс істеу керектігі айтылды. Ата-аналарға да балаларын дұрыс тәрбиелеп, оларды қадағалауды күшейту тапсырылды. 

Отырыстың қорытындысында комиссия мүшелері жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, мектеп тәртібін сақтау және ата-аналармен бірлескен жұмыс жүргізу қажеттігін тағы бір мәрте атап өтті.

 А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT