Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған соңғы Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану мен цифрландыруды Қазақстан дамуының басты стратегиялық бағыты ретінде атап көрсетуі – замана талабына берілген нақты жауап.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады» деп, бұл үдерістің маңызын айқын көрсетті. Жаһандық технологиялық өзгерістер күшейген кезеңде Президенттің Үкіметке бірыңғай «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеуді тапсыруы да бекер емес. Сарапшылардың пікірінше, мұндай құжаттың пайда болуы ұзақ жылдар бойы әр министрлікте бөлек жүргізіліп келген цифрлық бастамаларды бір орталыққа шоғырландырады. «Бұған дейін көптеген цифрлық жоба жүйесіз іске асатын, ортақ стратегияның жоқтығы процестерді баяулататын. Президент тапсырған жаңа тұжырымдама ұлттық деңгейдегі барлық цифрлық жобаларды бір жүйеге келтіріп, нақты көрсеткіштері мен жауапты механизмдері бар құжат болуы тиіс. Бұл реформалардың тиімді орындалуына мүмкіндік береді», – дейді сарапшылар. Сондықтан цифрландыру – тек жаңа технологияларды енгізу ғана емес. Ол – мемлекеттік қызметтерді жеңілдету, артық бюрократиядан арылу, білім мен денсаулық сақтау салаларына бірдей қолжетімділік орнату, сондай-ақ қауіпсіз әрі ашық экономикалық орта қалыптастыру. Президент айтқан «цифрлық жаңғыру халықтың өмірін жақсартуға бағытталуы керек» деген ой – жаңа тұжырымдаманың негізгі өзегі саналады.
Асылбек Жылқыбаев, қала тұрғыны



