Жамбылда қант зауыты мен қызылша өсірушілер сатып алу бағасын көтеруге келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Зауыт үлескерлері мен қызылша өсірушілердің кездесуінде баға мәселесі талқыланды. Нәтижесінде тараптар бір ымыраға келіп, сатып алу бағасы келісіне 13 теңгеге дейін көтерілді.

Өткен жұмада Мерке қант зауытына қант қызылшасының алғашқы жүк көлігі келді. Мұндағы жағдай шаруалардың да, зауыт басшылығының да көңілінен шықпағандықтан, тараптар кездесіп, ынтымақтастық шарттарын талқылауды жөн көрді.

Диалог барысында шаруалар өз есептерін ұсынып, сатып алу бағасын көтеру қажеттігін ескертті. Нәтижесінде зауыт бағасы келісін 10 теңгеден 13 теңгеге көтеруге келісті. Мемлекет қосымша 25 теңге субсидиялауды жалғастырып, шаруалар үшін жалпы бағаны келісін 38 теңгеге дейін жеткізеді. Шаруалар бұған дейін 15 теңге сұраған болатын. 

Зауыт алғашқы 5 күнде тәулігіне 2 мың тонна қызылша қабылдаса, 15 қазаннан бастап өңдеу көлемін 4 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

Фермерлер зауыттағы жағдайдың биыл біршама тұрақты екенін атап өтті. Өткен маусымдағыдай кезек күту немесе жұмыстың тұралап қалу мәселесі болмайды. Былтыр зауыт шамадан тыс жүктеменің салдарынан шикізатты толықтай қабылдауға шамасы келмеді. Олар биылғы маусымда зауытқа 200-250 мың тоннадан аса қызылша түспейді деп есептеп отыр.

Дегенмен, келесі жылы диқандар әлі де сатып алу бағасының 15 теңгеге дейін көтерілуінен үмітті. Олар бұған Тараз қант зауытында жаңа өңдеу желісінің іске қосылуы және Байзақ ауданында тағы бір нысанның салынуы ықпал етеді деп жоспарлап отыр.

Бұған дейін аймақтағы қант зауыты мен қызылша өсірушілер келісімге келе алмай отырғанын жазған болатынбыз.

 https://kaz.inform.kz/news/zhambilda-kant-zauiti-men-kizilsha-osrushler-satip-alu-bagasin-koteruge-kelst-544d62/

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT