Қайырымдылық – адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Ол жан жылуын таратып, қоғамдағы мейірімділік пен бірлік сезімін нығайтады. Әрбір жомарт жүрек пен ізгі іс әлемді жақсартуға үлес қосады. Қайырымдылық тек материалдық көмек емес, ол шын көңілден шыққан қамқорлық пен жанға жылулық шуағын шашатын іс-әрекет.
Біздің өңір тұрғындары да бір нанды бөліп жеген бауырмал, әр кісіге көмек көрсетуден тартынып қалған емес. Оған өткен жылғы су тасқыны кезіндегі жағдай да, айт сайын, апта сайын атқарылып жатқан жұмыстар дәлел болады.
Мұсылманның бір аты мейірімділік болса керек-ті. Себебі, ислам діні адамзатқа жанашырлық пен ізгілік жасауды, мұқтаждарға көмек беруді, адалдық пен сүйіспеншілікпен өмір сүруді үйретеді. Құрбан айттың үш күнінде де жылыойлық жамағаттың мұсылманшылық сипаты артты. Себебі, аудандық мешіттің өзінде бас-аяғы 45 отбасыға ет таратылып, садақа берілді. Одан бөлек, қасапшының көмегіне жүгінбей, үйден құрбан шалып, көрші-көлемге, жоқ-жітікке таратып жатқандары қаншама?! Аудан орталығындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Думан Балықшиев та мұндай шаралар тоқтап қалмай, алдағы уақытта да өз жалғасын табатынын жеткізді.
Өткен жұмада «Мейірім Сәулесі» еріктілер тобы да қаламыздың тұрғыны Альмира Есқабылованың еміне қаржы жинау мақсатында орталық мешіттің алдында жәрмеңке ұйымдастырды. Сөйтіп, кішкентай болса да көмегін көрсетіп, Альмираның көңілін бір көтеріп қойды. Ал, аудандық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Біз жастар» еріктілер клубы жыл бойына түрлі шаралар ұйымдастырып, қоғамдық өмірге белсене араласады. Құрамында 170 еріктісі бар ұйым өткен жылғы су тасқыны кезінде де еселі еңбек етті. Сонымен қатар мәдени-қоғамдық шараларда да қатарының алды болып, сенбілік, қайырымдылық істерде де бой көрсетіп келеді.
Мейірімділік пен қайырымдылық – жүректен жүрекке жетер шапағат. Ол дүние емес, ниет, байлық емес, бауырмалдық. Бүгінгі жасалған жақсылық – ертеңгі бейбіт қоғамның іргетасы. Жылыойлықтардың қолынан шыққан әрбір ізгі іс – адамгершіліктің шуағы, рухани биіктіктің белгісі. Осындай ақ ниетті азаматтар барда жомарт жүректермен жарысқан бұл мейірім шуағы ешқашан сөнбейді. Әсіресе, соңғы айлардағы небір оқыс оқиғалар орын алған кезеңде бірлігімізді бекем қылып, әр істің байыбына барып, бейбіт күннің бағасын білсек, ел болашағы жарқын болары сөзсіз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ