жабырқау көңілдерге – жан жылуы

Күн сәулесін бір сәтке болса да көру - зағиптар үшін өмірдегі баға жетпес байлық. Жанындағыны тек сипау арқылы сезіп, көкірек көзімен көруден өзге қолдан келер қайран жоқ болса да, олар – жазмыштың жазғанына жасымайтын қайсар жандар. Осы кештің кейіпкерлері – денсаулық жағдайына қарамастан қолдарынан іс келетіндігін дәлелдеген асыл адамдар.

Аудандық «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Біз өмірге құштармыз» атты мерекелік кеші Халықаралық Ақтаяқтылар күніне орай өтті. Оған аудандық бөлім басшылары мен қала әкімінің орынбасары Самал Сатышева қатысты.

Кешке демеушілік жасаған «ESS Супорт Сервисез» мекемесінің бас директоры Майк Тейлордың атынан келген Думан Абеуов:

-Қоғамда тағдырдың тәлкегіне түсіп, басқа түскен сынақты мойымай көтеріп жүргендер жетерлік. Солардың ішінде қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, осындай үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген жандар бар. Бұл кісілердің еңбегі ерлікпен пара-пар десем де артық болмайтын шығар. Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмірге деген махаббаты, құштарлығы шексіз жандар қашанда мадақ пен мақтауға лайық. Біздің компания да өз кезегінде демеушілік танытудан кенже қалған емес. Алдағы уақытта да бұл дәстүрімізден айнымаймыз деп ойлаймын. Бүгінгі Ақтаяқтылар күнімен де сіздерді құттықтаймын,- деп кеште өнер көрсеткен жандарға компания атынан сыйлықтарын ұсынды.

Аудандық «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Саламат Темірбеков:

-Мерекелік кешке бізді қолдап, қолпаштап келген барша көрерменге алғысым шексіз. Демеушілік танытып жатқан компанияға да ризашылығымды білдіремін,-деп арнайы қонақтарға қоғамдық бірлестік атынан Алғыс хат табыстады.

Кеш барысында аудандық «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Оның ішінде Күнзира Сүндетбаева, Бақытгүл Биманова, Базарбай Қоразов, Еркін Сүйешов, Айсәуле Есенғалиева, Бақтылы Байзулдиева, Қамқа Құлтумиева, Жайнаргүл Баймешова, Күміс Молдабекова, Айнагүл Жекеева, Мансұр Ысқақовтар әуелеген әнімен көзге түсті. Ал, «Әжелер» тобы кештің көрігін қыздырып, көрерменнің көңілін бір көтерді. Одан бөлек, Дүйсәлі Қалдыбай, Асим Сабитұлы, Тазабек Бекболатов, Саламат Темірбеков, Алмаш Мускалиевалар жүрекжарды жырларын оқып, көркем сөз оқудың шеберлері екенін байқатты.

Кеш барысында «Қазақ Соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Атырау облысы филиалының төрайымы Маржан Есқалиқызы да келген көрермендерге алғысын айтып, өнер көрсеткен бірлестік мүшелеріне ризашылығын жеткізді. Облыстық филиал атынан жыл бойына белсене қызмет еткен қоғамдық бірлестік мүшелерін де Алғыс хатпен марапаттады. Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Самал Сатышева да қоғамдық бірлестікке әкімдік тарапынан арнайы Алғыс хат пен сыйлық табыс етті.

Шыны керек, аталған мерекелік кешті тамашалап отырып, бірде күлсек, бірде жылап алдық. Ағы мен қарасы қатар жүрген өмірдің ыстық-суығына бірдей төзіп, басқа салған сынаққа сынбай, тынбай еңбек етіп жүрген осындай жандарды көріп, жүрегіміз жадырап қалғаны жасырын емес. Тіпті, олар бізге мотивация сыйлағандай күй кештік. Рухани азық алар нағыз үлгілі концерттік шара болды десек те артық айтқандық болмас. Егер күллі қоғам осы кісілердей жан-жағына жылулықпен, мейірімділікпен қарай алғанда, жамандық атаулы мүлде болмас па еді?! Мүмкін...

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT