Еліміздегі мемлекеттік қызметке енгізілген жаңа іріктеу жүйесі бірқатар жұмыстардың әділ, әрі аз уақытта іске асырылуына мүмкіндік беріп отыр. Әсіресе, цифрлық қолжетімділік бағытындағы өзгерістер азаматтардың қызметін едәуір жеңілдетті. Мемлекеттік органдағы орын алған бұл оңтайлы жаңалық тұрғындарға бұрынғыдан да сапалы қызмет көрсетуге, анықтама құжаттарын бірнеше минутта жылдам алуына жол ашты.
Соңғы жылдары толық цифрландыру немесе онлайн форматта қызмет көрсету Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Қызметтің бұл түрі бірқатар дамыған елдерде бірнеше жыл бұрын іске асырылған. Заманауи ақпараттандырылған соңғы технологиялар көмегімен онлайн форматта мемлекеттік қызметке жүгіну бүгінде өте тиімді тәсілдің біріне айналды.
Мемлекеттік қызметке қабылдау EQyzmet платформасы арқылы жүзеге асады. Үміткердің өмірдерегі мен басқа да қажетті құжаттары электронды жүйеде тіркеледі. Көп жағдайда жұмыс беруші мен қызметке орналасушы адамның арасындағы әңгімелесу және тестілеу жүйесі онлайн форматта өтеді. Бұл процесс азаматтардың өмір сүру деңгейінің жақсы жағынан өзгеруіне септігін тигізеді.
Мемлекеттік қызметтердің ішінде онлайн форматқа көшу елімізде пандемиядан кейін өріс алды. E-Otinish, E-Kyzmet, Documentolog сияқты платформалар мен электронды құжат айналымдары қашықтан тыс қызмет көрсетуге жағдай жасады. Тез әрі ыңғайлы қызмет түрінің нәтижесінде сыбайлас жемқорлықпен күрес оңтайлы жолға қойылды. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке кандидаттарды іріктеу барысында олардың цифрлық рейтингісі ескеріледі.
Мемлекеттік қызметке іріктеу жүйесінде жаңа бағалау кезеңі де маңызды рөл атқарады. Яғни, азаматтың жеке қасиетіне баға бере отырып, оның ішінде мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істей алатындығын анықтау өте маңызды. Өйткені, құжатпен қызмет жасау – жауапкершілік. Жұмыс іздеуші болашақ маман мемлекеттік қызметке орналасуы үшін сауатты түрде эссе жаза білуі тиіс. Және аталмыш органның комиссия мүшесімен ойын бүкпесіз жеткізу үшін еркін форматта әңгімелеседі. Мақсат-жоспарларымен бөлісіп қана қоймай, осы саладағы көзқарасын, пікірін білдіреді.
Орын алған тағы бір өзгеріс: барлығы анонимділік және әділдік талабымен жүзеге асырылады. Конкурстық кезеңдер үміткерге берілген жеке ID-код арқылы бағаланады. Ол жерде тұлғаның аты-жөні, қызметі және басқа да дерек көздері көрсетілмейді. Шынайы, әрі әділ түрде жүргізіледі. Яғни, комиссия мүшелері қызметке үміткер тұлғаның орындаған жауабы мен нәтижесін ғана бағалайды.
Иә, мемлекет ісіне қабілетті, кәсібіне берік маман ғана мемлекеттік қызметте еңбек етуі тиіс. Өйткені, халықтың сенімінен шыға отырып, адал және сапалы қызмет көрсету – біздің басты борышымыз!
А.Теміржанов,
аудан әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкілі