Жаңа цифрлық дәуірдегі шағын және орта бизнестің рөлі айрықша болмақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында айтылған пікірлер қазіргі экономикалық дамуға қатысты көптеген өзекті мәселені қайтадан ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді.

Әсіресе шағын және орта бизнестің (ШОБ) ұлттық экономикадағы маңызына тоқталған тұсы – елдегі кәсіпкерлік ортаны жаңа бағытта дамытудың нақты бағдарын көрсетеді.
        Президент атап өткендей, бүгінде ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамтудағы үлесі 50 пайызға жуықтағаны – сөзсіз, жаман көрсеткіш емес. Бұл – еліміздің кәсіпкерлік әлеуетінің біршама артып келе жатқанының белгісі. Дегенмен, осы деректердің сыртында біз ерекше назар аударуға тиіс жайт жатыр: екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлердің үлесі 6 пайызға да жетпейді. Яғни кәсіпкерлік көбіне қызмет көрсету саласында топтасқан, ал нақты өндіріс пен жаңа өнім шығару бағыты әлі де әлсіз. Бұл мәселе тек экономиканың құрылымдық теңгерімсіздігін көрсетіп қоймайды. Ол сонымен бірге жаңа технологияларды енгізу, экономикалық өнімділікті арттыру, экспорттық әлеуетті күшейту сияқты стратегиялық міндеттерді орындауда біз әлі де айтарлықтай ілгерілемегенімізді аңғартады. Орта бизнестегі жағдай сәл тәуір болғанымен, ондағы өндіріс деңгейі де еліміз күткен межеге жете алмай отыр. Менің ойымша, бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі – іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу. Кәсіпкерлердің бастамасын тежейтін бюрократиялық кедергілер, заңнамалық үйлесімсіздіктер, реттеуші талаптардың көптігі немесе қарама-қайшылығы – барлығын қайта қарап, жаңғырту қажет. Бұл ретте Президент атап көрсеткендей, тиісті құқықтық базаны жаңғырту – уақыт талабы. Бизнеске айқындық, ашықтық, болжамдылық қажет. Сонда ғана кәсіпкер өз ісін еркін жүргізіп, инвестиция салуға және жаңа нарықтарды игеруге дайын болады.

                                                         Лиза ҚАСЫМОВА, кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT