Қазақстандықтар 2026 жылдан бастап кәсіпкерлікті тіркемей-ақ табыс таба алады. Жаңа салық режимінің жеңілдігі қандай кәсіп иелерін қамтымақ? Ерекше жеңілдік туралы салық сарапшысы Айнұр Сартаева BAQ.KZ тілшісіне талдап, түсіндіріп берді.
Жаңа режим негізінен қазір жеке тұлғаларға қызмет көрсететін кәсіпкерлерге бағытталған. Олар қазір патент және мобильді қосымша қолданатын арнаулы салық режимімен жұмыс жасап жатыр. Атап айтқанда:
- такси жүргізушілері, пәтерін жалға беретіндер,
- интернет платформалар арқылы қызмет көрсететіндер,
- шаштараздар және басқа да тұрмыстық қызмет түрлерінің өкілдері осы салық режимін пайдалана алады.
Нақты рұқсат етілген кәсіп түрлері жуырда Үкімет Қаулысымен бекітіледі.
Қалай жұмыс істейді?
Бұл – өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға арналған салық режимі.
Жаңа режимнің басты артықшылығы – кәсіпкер ретінде арнайы тіркелудің қажеті жоқ. Азаматтар жеке тұлға ретінде кәсіпкерлік қызметін жүргізе алады. Бұл ретте ешқандай салық есептілігін тапсыру міндеттелмейді.
Бұл жүйеде айына табысы 300 АЕК-тен, яғни шамамен 1,3млн.теңгеден аспайтын, жалдамалы қызметкерлері жоқ бизнес өкілдері жұмыс жасай алады.
Такси жүргізушілері, пәтерін жалға беретіндер, интернет платформалар арқылы қызмет көрсететіндер, шаштараздар және басқа да тұрмыстық қызмет түрлерінің өкілдері осы өте ыңғайлы салық режимін қолдана алады. Бұл салық режимі өте қолайлы, - деп атап өтті Айнұр Сартаева.
Төлем – 4%
Бұл кәсіпкерлер салық төлеуден босатылған, тек 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төлеп отырады. Бұл төлемдер азаматтың өз пайдасына түсетінін ескеру керек:
- зейнетақы қорына,
- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға,
- әлеуметтік аударымдарға бағытталады.
Әлеуметтік төлемдерді мобильді қосымша табысына байланысты өзі есептеп береді. Ал кәсіпкер осы төлемдерді ай сайын төлеуі керек.
Заң талаптарының өзгеруіне байланысты осы санаттаға кәсіпкерлерге өтпелі кезең қаралған. Егер 2025 жылы патент және мобильді қосымша («e-Salyq Business») қолданатын арнаулы салық режиміндегі кәсіпкер болса, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың жеке кәсіпкерлігі автоматты түрде жабылады. Яғни, келесі жылы жеке тұлға ретінде кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыра алады. 2026 жылы мобильді қосымшадағы түбіртекті (чекті) алғаш берген күн - жаңа режимді таңдаған сәт болып есептеледі , - деп түсіндірді салық сарапшысы.
Электронды түбіртек міндетті
Жаңа режимде жұмыс істейтіндер бақылау-касса аппаратын сатып алмай-ақ, мобильді қосымшалар («e-Salyq Business», т.б. платформалар) арқылы электрондық түбіртек берсе жеткілікті. Кәсіпкерлер әрбір көрсетілген қызметіне төлем қабылдағанда фискалды түбіртек беруі міндетті екенін ұмытпағаны жөн.
Зейнеткерлерге жеңілдік
Мәселен, егер такси жүргізушісі зейнет жасына жетсе, ол қызметіне қатысты әлеуметтік төлемдерді төлемейді, салық төлеуден де босатылған. Яғни тек мобильді қосымшада тіркеліп, фискалды түбіртекті (чекті) беріп отыруы керек, - деді Айнұр Сартаева.
"Көлеңкелі" экономика азаяды
Жаңа салық режимі өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға ыңғайлы әрі тиімді жол ашып отыр. Ол «көлеңкелі» экономика үлесін азайтып қана қоймай, халықтың әлеуметтік кепілдіктерге қол жеткізуін қамтамасыз етеді, - дейді сарапшы.