Өзегім толы ақ жалын

Ауданымыздың орталық кітапханасында «Бір өлке - бір жазушы 2026» акциясы аясында қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Хамит Ерғалиевтің туғанына 110 жыл толуына арналған «Өзегім толы ақ жалын» атты поэзия кеші ұйымдастырылды.

Рухани шараның өзегіне айналған бұл кеште оқырмандар ақынның туған жерге, ел мен еңбек адамына арналған өр рухты, азаматтық үнге толы жырларымен қайта қауышты. Хамит Ерғалиев поэзиясы арқылы көрермендер қазақтың қайсар рухын, елдік мұрат пен адамдық биіктікті терең сезінгендей әсер алды.
           Тағылымды кештің ұйымдастырушысы Айгүл Амантайқызы ақынның шығармашылығына кеңінен тоқталып, бүгінгі ұрпақ үшін рухани бағдар болатын ұлы тұлға екенін атап өтті. Хамит Ерғалиев 1916 жылы 14 қазанда Атырау облысы, Исатай ауданы, Новобогат ауылы, қазіргі Хамит Ерғалиев ауылында дүниеге келген. Epғалиевтің 40-қа жуық  жыр жинақтары бар және «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмалардың авторы. Ақынның өлеңдері мен поэмаларында отанға деген сүйіспеншілік, еңбек адамын дәріптеу, соғыс жылдарындағы ерлік, халықтың мұңы мен үмітін кеңінен жырлаған. Қазақстан мемлекеттік сыйлық лауреаты, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және 1,2 - дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.
      
Шараға №5 Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 10-сынып оқушылары белсене қатысып, ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар Хамит Ерғалиевтің өмірі мен шығармашылық жолын қамтыған деректі фильм көрсетіліп, кітапханашы Мөлдір Исина дайындаған «Тарих пен тағдыр толғаушысы» атты көрме арқылы ақын мұрасына жан-жақты шолу жасалды. «Күй дастан» поэмасынан және «Өз тілім мен өлеңім» шығармасынан оқылған үзінділер кештің көркемдік мазмұнын тереңдете түсті. Кітапхана директорының орынбасары Кенже Жапалова кеш соңын қорытындылап, жас ұрпақтың әдебиетке, ұлттық рухқа деген қызығушылығын арттыру жолындағы осындай шаралардың маңызын ерекше атап өтті. Бұл поэзия кеші ақынның рухына тағзым етумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көрерменге сөз өнерінің маңызын ұғындырған мазмұнды рухани шара ретінде есте қалды.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT