Лудомания – қазіргі қоғамның ең беймәлім, бірақ ең қауіпті дерттерінің бірі. Құмар ойындарға тәуелділік бүгінде тек ойын-сауық саласының мәселесі емес, ол мыңдаған адамның тағдырын өзгертетін әлеуметтік қасіретке айналып отыр.
Цифрлық технологияның дамуы бұл жағдайды бұрынғыдан да күрделендірді. Смартфондар мен интернетке тәулік бойы қолжетімділік, онлайн-букмекерлердің жасырын жарнамалары, тез байудың жалған уәдесі – барлығы да жас буынды арбауға бағытталған.
Қазір елімізде құмар ойынға тәуелді жандардың қатары жасарып барады, мамандар ең қауіпті топ ретінде 16 мен 30 жас аралығындағы азаматтарды көрсетеді. Жеңіл табысқа деген құштарлықтың артында үлкен қасірет жатқанын көпшілік түсіне бермейді. Лудомания біртіндеп адамның өмірін басқаруға кіріседі: ең алдымен ақшасы кетеді, кейін жұмыстан қол үзіледі, отбасындағы тыныштық бұзылады, бедел, сенім, достық жоғалады. Ақыры адам өз өміріне дейін қауіп төндіріп, тығырыққа тірелетін жағдайлар жиі кездеседі. Психологтар құмар ойындардың адам миында уақытша қуаныш сезімін тудыратынын, бірақ бұл әсер адамды алдамшы күйге түсіріп, тәуелділікті күшейтетінін айтады. Тәуелді адам ойыннан бас тартуға тырысқанымен, қайта оралуға итермелейтін ішкі қысымнан құтыла алмайды. Соның салдарынан қарызға белшеден бату, алаяқтыққа бару, жанұялық жанжалдар, тіпті қылмыстық әрекеттерге дейін жету жиілеп барады. Қазақстандағы жағдай да алаңдатарлық. Онлайн-казинолар мен бәс тігу платформаларының қолжетімділігі бұл мәселені тереңдетіп отыр. Әлеуметтік желілерде жеңіл жолмен байытуды насихаттайтын бейнелер мен жарнамалар толып тұр. Бірақ олардың ешқайсысы құмар ойынның соңында ұтылыс, өкініш, қарыз бен күйзеліс болатынын айтпайды. Қоғам бұл дертті тек тыйыммен немесе жазамен жеңе алмайды. Лудомания – ең алдымен психологиялық мәселе. Сондықтан оған кешенді тәсіл қажет. Біріншіден, психологиялық көмек барынша қолжетімді болуы тиіс. Когнитивті-бихевиоралды терапия сияқты әдістер тәуелді адамға ойлау жүйесін қалпына келтіруге көмектеседі. Екіншіден, букмекерлік платформаларға бақылауды күшейту, заңсыз онлайн-казиноларды бұғаттау жұмысы жүйелі жүргізілуі керек. Үшіншіден, жастарға құмар ойынның зиянын ашық түсіндіру, мектептен бастап ақпараттық жұмыс жүргізу маңызды. Жеңіл табысқа сену – ең үлкен алданыш екенін ұғындыру қажет. Төртіншіден, өз-өзін шектеу тетіктерін енгізу – әлемдік тәжірибеде жақсы нәтижелер көрсеткен әдіс. Ең маңыздысы – қоғамның көзқарасын өзгерту. Құмар ойын – ермек те, табыс көзі де емес, ол адамның тағдырын тәлкекке салатын қауіпті тәуелділік. Лудоманиямен күресу – тек биліктің емес, әрбір отбасының, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бүгін бір адамды тоқтатып қала алсақ, ертең бір отбасының трагедиясының алдын аламыз. Сондықтан құмарлықтың жетегіне ермей, шынайы еңбектің ғана нәтижеге жеткізетінін ұмытпау керек. Қоғам болып әрекет еткенде ғана бұл дерттің бетін қайтара аламыз.
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ


