Жуырда Құлсары қаласындағы «Қызғалдақ» балабақшасында тәртіпсіздік орын алды. Бұл туралыалдымен «Facebook» әлеуметтік желісінде бейнематериал тарап, бірден желі қолданушыларының талқысына түсті. Бейнематериалға көз жүгіртсек, сорақы көріністі көресіз. Төңкерілген, лақтырылған мүлік пен кереуеттер, шашылып жатқан ойыншықтар...Тіпті балабақшаның жоғарғы қабатына да баса көктеп кіріп, өрт сөндіргіш құралын жарамсыз қылған.
Желі қолданушылары да аталған бейнематериалды көріп, шошынып жатты. Бірі «Жасөспірімдер тіптен қатігез, ұят екен. Біреуге қиянат келтірмеу ұғымдарынан жұрдай. Мынау мүмкін емес жағдай, ойын балдарының ісі - барып тұрған қылмыс», «Қарауыл болсын не болмасын, бөтеннің мүлкін бүлдіруге қандай құқылары бар? Осы балалар өскенде кім болады екен? Неге сонша қатыгез, істеп жатырған істері үшін өкінбейтін де болар», десе, ал бірі «Көрдіңдер ме біздің балалардың тәрбиесін? Босап кетсе бәрін қыратын ит сияқты. Үйде, мектепте қоғам болып тәрбиелесек те енді телефонның берген тәрбиесіне әліміз келмейді. Себебі нақты бала тәрбиесі, ұрпақ мәселесі бізде алға қойылмаған, қағазда бәрі рет бойынша»,- деп наразылықтарын білдірді.
Көп ұзамай бұл тәртіпсіздікті жасаған жасөспірімдер де қолға түсті.
Аудандық білім бөлімі аталған жағдай бойынша аудандық полиция бөлімімен бірігіп, аталған жасөспірімдердің ата-аналары шақыртты. Кінәлілердің жеке бас деректері анықталды. Жасөспірімдердің нақты саны әлі де зерделену үстінде. «Балабақшаға келтірілген шығын анықталып, жасөспірімдерге қатысты тиісті шаралар алынатын болады»,- деп хабарлаған болатын құзырлы органдар. Біз, журналистер, тәртіп бұзған мектеп оқушылары мен осы жағдайға қатысты деректерді білу үшін аудандық полиция бөліміне хабарласқан едік.
Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция полковнигі М.Демегеновтың айтуынша, оқиға тапа түс мезгілінде орын алған. Тәртіп бұзған 9 бала анықталды. Балалар кәмелет жасына толмаған себепті, олардың ата-аналары жауапкершілікке тартылуда. 7 ата-анаға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес құжаттар жинақталып Атырау облыстық мамандандырылған ювеналды сотына (ұзақ бұзақылық) жіберілмек.
Тәртіп бұзған мектеп оқушылары кәмелет жасқа толмаған себепті оларға жаза қолданудан гөрі тәрбиелеу шаралары қолданылады. Бір қызығы, өзге елдерде, мысалы Дания елінде тәртіп бұзған оқушыны қоғамдық жұмыстарға тартады екен. Жалпы, бала тәрбиесі – қоғамдағы күрделі басты тақырыптарының бірі. Бала тәрбиесін тек мұғалімге ысырып қоя салатын ата-аналар да ауданымызда аз емес. Ал, бұл өрескел қателік. Себебі бала тәрбиесі бесіктен басталады.
«Қызғалдақ» бала бақшасына жасырынып кіріп, ішіндегі мүлікті қиратып, төңкеріп жүрген жасөспірімдердің қылығы, шынында да қынжылтарлық. Бұл оқиғаға қарап тәрбие ісіндегі мүлт кеткен тұстар туралы тереңірек ойлануға тура келеді.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың бос уақытын тиімді өткізу. Ол үшін баланың күнделікті күн тәртібін ұйымдастыру, баланың икеміне қарай спорттық шараларға, шахмат, дойбы т.б үйірмелерге беру немесе тіл үйрететін курстарға жазу тиімдірек. Ата-ана үнемі баласының күні бойы немен айналысып жүргенін сырттай бақылап отырғаны жөн. Әр нәрсеге еліктегіш, өтпелі кеңеңдегі жасөспірімнің көшеде немен айналысып жүргенін кей ата-аналар білмейтін тәрізді.Әсіресе, 1,3 ықшамаудандардан көшеде топ-топ боп жүрген балаларды жиі байқамыз. Олар неге бос жүр? Басқа айналысатын істері жоқ па? Ата-аналары қайда? Міне, осы сұрақтар мазалайды.
Ауданымыздағы көптеген тұрғындар осыған қатысты пікірлерін білдіруде. Бұл смартфондағы түрлі теріс әрекеттерге еліктеуден туған деген де пікірлер айтылуда. Смартфон мен ондағы сан алуан ақпарат тасқыны, ғаламтор қазір әр жеткіншек үшін қолжетімді.
А.МОЛДАШЕВ