Өткен жылдан бастап «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, елімізде вейпке қатаң тыйым салынды. Енді Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» туралы» заңының 110-бабының 9-бөлігіне сәйкес елімізде шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға мүлдем болмайды. Бірақ соған қарамастан, ауру қалса да, әдет қалмай келеді. Таяуда аудандық сотта қаралған қылмыстық іс – соның айғағы.
Өткен желтоқсан айының мерекесі қарсаңында қаладағы Орталық базарда орналасқан косметика сататын дүкеніне кездейсоқ кірген аудандық полиция бөлімінің инспекторы сауда орнының ішінде электронды вейпті қолына ұстап тұрған бойжеткенді байқап қалады. Дереу қасына барған тәртіп сақшысы өзін таныстырып, әлгі затты қайдан алғанын сұрайды. Сасып қалған қыз бала ештеңе жасырмай, вейпті 16 мың теңгеге сатып алып жатқанын айтады. Сол бойда 102 арнасына қоңырау шалған инспектор бөлімнен жедел тергеу тобын шақыртып, мәселенің мән-жайын анықтауға кіріседі. Кейін белгілі болғанындай, сол жерде тұтынушыға сатылған маркасы «Waka 20000» электронды вейп болып шығады. Тексере келгенде заңсыз сатылған тауар үшін екі адам жауапқа тартылады. Ол дүкен иесі мен сатушы. Олардың сот тергеуінде берген жауабына қарағанда, 2023 жылы сауда орнына 100 дана шегілмейтін темекі алып келіп сатқан. Кейін сатуға тыйым салу туралы заң шыққан соң жай ғана сөреге қойғаны болмаса, саудаға шығармай, тек сұраған жандарға ғана ақшасына беріп жүрген екен. Сондай сәттердің бірінде дүкенінің сатушысы «одноразка» сұраған тұтынушыға 16 мың теңгеге сатып жібергенін айтып, өкініш білдірді. Сол жерде тексеру жүргізген полицияның жедел тергеу тобының қызметкерлері арнайы хаттама жасақтап, маркасы "ELFBAR 23 000" электронды тұтыну жүйесінің бір данасын, маркасы "WAKA 25 000" - 3 дана және "WAKA 6 000" - 1 дана, маркасы " JACKBAR 20 000" - 3, "WAKA 20 000" - 3 дана, яғни барлығы 12 дана электрондық темекі заттай дәлелдеме ретінде тәркіленіп алынды. Сөйтіп тергеу амалдары арқылы олардың қылмыстық ісі аудандық соттың қарауына жолданды. Сотта дүкен иесі де, сатушы да өз кінәсін толық мойындап, жауап берді. Іс құжаттарын және істің мән-жайын зерттеп, әрбір дәлелдемеге қатыстылығы, жол берілушілігі, барлық жиналған дәлелдемелерге заң мен ар-ождан шеңберінде жан-жақты, толық және объективті баға бере отырып, сот сотталушылардың қылмыстық теріс қылық әрекет жасағаны анықтама кезінде жинақталған іске қатысты дәлелдемелер жиынтығымен толықтай дәлелденген деп санады. Сондықтан қос айыпкердің қылмыстық теріс қылық әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1 бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені олар «шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатқан». Сот оларға жаза тағайындағанда Қылмыстық кодекстің 53-бабының талабына сай жасаған қылмысына шын ниетпен өкінуін, асырауында жас балалары бар екенін жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Керісінше, 54-бапқа төтенше жағдай кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасауын жазасын ауырлататын мән-жай ретінде қарастырды. Өйткені 2024 жылғы 4 сәуірдегі «Жылыой ауданы аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы» Жылыой ауданы әкімінің шешімімен аудан аумағында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған-ды. Таяуда аудандық соттың үкімімен қос айыпкер келіншек Қылмыстық кодекстің 301-1 бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға осы бап бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 369 200 теңге айыппұл жазасы тағайындалды. Және оны үкім заңды күшіне енген күннен кейін бір ай ішінде төлеу міндеттелді. Осылайша вейпке заң арқылы қатаң тыйым салынғанына қарамастан сатылымға шығарып, заңды өрескел бұзған қос келіншек айыппұл арқалап шыға келді. Бұл өзге сауда орны иелеріне ащы сабақ болса керек.
Алтыншаш АДАЕВА,
аудандық соттың бас маманы,
Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ,
өз тілшіміз