Электронды сауданың қарқынды дамуы мен жоғары технологиялы өнімдердің кең таралуы әуе жүк тасымалының маңызын арттыра түсті. Бүгінде бұл сала ең сұранысқа ие әрі экономикалық тұрғыдан тиімді бағыттардың біріне айналып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әуе тасымалы саласындағы әлеуетті толық іске асыру қажеттігін атап өтіп, әуе хабтарын жүйелі түрде дамытуға ерекше мән беріп келеді.
Бұл бастама Қазақстанның жаһандық логистика жүйесіне белсенді түрде кірігуіне мүмкіндік береді. Әуе хабтарының өткізу қабілетін арттыру халықаралық сауда айналымын жеделдетіп қана қоймай, еліміздің өңірлік көлік-логистикалық орталық ретіндегі рөлін күшейтеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы экспресс-жүк тасымалы саласын ретке келтіру мәселесіне де назар аударды. Бұл, ең алдымен, тұтынушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған. Жүк жеткізу қызметтерінің сапасы, қауіпсіздігі және жеделдігі қамтамасыз етілсе, бұл шағын және орта бизнеске, сондай-ақ қарапайым азаматтарға да оң әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, Президенттің бұл бастамасы цифрлық сауданың қарқынды дамуына берілген уақытылы жауап әрі Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Қала тұрғыны: Беркали Ұзаққалиев



