Қоғамның тұрақтылығы мен дамуы, ең алдымен, азаматтарының саналы өмір салтына, рухани тазалығына байланысты. Мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосып жүрген әрбір азамат, әсіресе халыққа қызмет етуді таңдаған мемлекеттік қызметші өзінің жүріс-тұрысымен, мінез-құлқымен көпшілікке үлгі болуға тиіс.
Дегенмен адамды тәуелділікке жетелейтін, материалдық та, моральдық та шығынға әкелетін құбылыстар да жоқ емес. Соның бірі – құмар ойын. Бүгінде ол тек жеке адамның тағдырына емес, отбасылық құндылықтарға да, қоғамның тұтастығына да қауіп төндіретін жағымсыз құбылысқа айналып отыр. Осы орайда мемлекетіміздің заңнамаларында ойын бизнесіне қатысты нақты шектеулер қарастырылған. Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» заңы аясында құмар ойын мекемелерінің қызметі арнайы аймақтарда ғана жүзеге асырылады. Бұл қоғамды жастарға теріс әсер ететін ортадан қорғау, құндылықтарымызды сақтау мақсатында қабылданған шешім.
Ал мемлекеттік қызметшілер үшін бұл талап екі есе қатаң. Себебі мемлекеттік қызметші – халықтың сенімін арқалаған тұлға. Оның әрбір әрекеті көпшілікке үлгі болуы тиіс. «Халық айтса, қалт айтпайды» демекші, қызметшінің құмар ойынға әуестігі тек жеке басына ғана емес, тұтас мемлекеттік аппараттың беделіне нұқсан келтіреді. Сол себепті қолданыстағы Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілерге казино, ойынханалар мен букмекерлік кеңселерге баруға қатаң тыйым салынған.
Бұл талап шектеу ғана емес, ең алдымен, ар-ожданға шақыру. Қызметші адал еңбегімен, кәсіби білігімен, парасат-пайымымен елге қызмет етуі тиіс. Ойынқұмарлықпен әуестену осы асыл ұстанымдарға қайшы келеді.
Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде айтарым: әрбір мемлекеттік қызметші өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінуі қажет. Қызметші әдебі оның кәсібилігінің айнасы. Қызметтегі адалдық, мінез-құлықтағы тұрақтылық пен қарапайымдылық — халық сенімін арттыратын басты қасиет.
Құмар ойынға жол жоқ жерде береке орнайды. Мемлекеттік қызметші үшін ойын бизнесінен алыс жүру — тек заңды талап қана емес, сонымен қатар азаматтық парыз бен ар-ұждан алдындағы жауапкершілік.
А.Теміржанов,
аудан әкімі аппаратының басшысы,
Әдеп жөніндегі уәкіл