Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жылдамдатуға пәрмен берді. Президенттің айтуынша, цифрлық теңгенің енгізілуі бұл жұмысқа септігін тигізіп жатыр.
«Қазіргі таңда жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде цифрлық теңгені қолданып жүрміз. Енді оның қолданыну аясын одан әрі кеңейту қажет. Цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, мемлекеттік холдингтердің бюджетінде пайдалануға болады», деп жол нұсқады Президент.
Үш артықшылық
15 қыркүйекте Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» жаңа заң жобасы енгізілді. Бұл құжат осыдан 30 жыл бұрын қабылданған заңды алмастырмақ. Құжатта жазылған басты мәселенің бірі – цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекіту. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың мәліметінше, заң қабылданған соң, цифрлық теңге де заңды төлем құралына айналмақ. Ол цифрлық теңгенің басты артықшылықтары ретінде – жедел төлем мен онлайн-операцияларды орындау мүмкіндігін, жоғары деңгейдегі қауіпсіздікті және құпиялық қағидаттарының сақталуын айтты.
Цифрлық теңгені толыққанды енгізу 2025 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Жоба ауқымын кеңейту үшін Ұлттық банк, Қаржы министрлігі, Еңбек министрлігі және Цифрлық даму министрлігінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Заң жобасын әзірлеушілер жаңа жоба елімізді әлемдік тәжірибеге жақындатып қана қоймай, банктерге экономиканы белсенді қаржыландыруға, клиенттер үшін цифрлық ортада бәсекеге түсуге мүмкіндік береді деп сеніп отыр.
270 млрд теңгеге жуық цифрлық теңге шығарылды
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бұл жолы «цифрлық қаржы активтері» ұғымы енгізіледі, олар 3 түрге бөлінеді:
«Біріншісі – стейблкоиндер, яғни ақшамен қамтамасыз етілген сандық актив. Екіншісі – цифрлық түрде шығарылатын дәстүрлі қаржы құралдары. Бұл – акциялар немесе облигациялар. Үшінші түрі – токенделген қаржы құралдары. Бұл үшін заңнамалық база қалыптастырылады. Осындай цифрлық қаржы активтерін шығаруға жауап беретін цифрлық активтердің операторлары құрылады. Сондай-ақ осы сандық қаржы активтері айналатын сауда алаңдары да болады», дейді ҚНРДА төрағасы.
Бұдан басқа, қаржы ұйымдарына нормативтер шегінде цифрлық қаржы активтерін инвестициялауға рұқсат беріліп, цифрлық активтер несие беру кезінде кепіл ретінде пайдаланылуы мүмкін. Ұлттық банк мәліметінше, цифрлық теңге платформасына 7 қаржы ұйымы қосылған, оның ішінде бірқатар екінші деңгейдегі ірі банктер, Қазпошта, сондай-ақ мемлекеттік органдардың цифрлық шоттары мен төлемдеріне қызмет көрсету үшін Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті бар. Қанатқақты жобалар түрлі салада – автомобиль жолдарын салу және жөндеу, фермерлерді несиелеу және субсидиялау, салықтық әкімшілендіру, сондай-ақ цифрлық теңгемен облигациялық қарыздар шеңберінде Ұлттық қордан инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру салаларында іске асырылып жатыр. Жобаларды іске асыру барысында 270 млрд теңгеге жуық цифрлық теңге шығарылған.
Цифрлық теңге жемқорлықты қалай жояды?
Ұлттық банктің Төлем технологияларын дамыту департаментінің бас сарапшысы Руслан Қоңырбаевтың айтуынша, цифрлық теңгенің шығуы дәстүрлі теңгені ауыстыру дегенді білдірмейді, бұл бар болғаны қолданыстағы жүйеге қосымша болады.
«Бұл – қолма-қол және қолма-қол емес қаражатпен тең валютаны пайдаланудың үшінші түрі. Инвестициялау құралы емес, төлем құралы. Цифрлық теңге жобасын жүзеге асыру үшін токендеу моделі таңдалды. Токендер (символдар реттілігі түріндегі кодтар) монеталар сияқты жұмыс істейді, тек «әмияннан әмиянға» физикалық форматта емес, электрондық форматта беріледі. Мұндай жүйе «ақылды» келісімшарттар жасасуға, ақша қозғалысын тиімді бақылауға мүмкіндік береді», дейді.
Осы тұрғыдан алғанда, цифрлық теңгені пайдаланудың негізгі мақсаты – «мемлекет қаржысының жұмсалуын бақылау».
«Токендерді олардың дұрыс пайдаланылғанына көз жеткізу үшін ерекше таңбалауға болады. Оның үстіне цифрлық ақша жемқорлықпен айналысатын адамдардың қалтасына түспейді. Қазір біз Ұлттық қор қаражатын мақсатты пайдалану жобасын іске асырып жатырмыз. Бір айдан астам уақыт бұрын Ұлттық қор қаражатынан цифрлық теңгемен алғашқы транзакция жасадық. Сондай-ақ цифрлық қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу және жолдарды жөндеу үшін цифрлық қаражатты мақсатты бөлу мүмкіндігін белсенді түрде зерттейміз», дейді сарапшы.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселеде әлі де болса нақтылап алатын тұстар көп. Теңге мен цифрлы теңгеге күш беретін негізгі фактор – экономикалық ресурс. Бұл бағытта есебіміз түгел деп айта алмаймыз. Қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдеуінше, цифрлық теңге әзірге артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтайтын қанатқақты жоба деңгейінде қарастырылып отыр. Себебі біз ғана емес, халықаралық тәжірибеде де қарама-қайшылық көп. АҚШ мұндай валюта шығаруға заңмен тыйым салса, Қытай цифрлық валютаны енгізу үдерісін он жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келеді және ол экономиканың ауқымды салаларын қамтып та үлгерді.
Тәуекелге даярлық қажет
Сарапшы Алмас Чукиннің айтуынша, киберқауіпсіздік маңызды болғандықтан, цифрлық теңге толықтай Ұлттық банк инфрақұрылымына тәуелді. Мұндай жағдайда орталықтандырылған жүйеге тән
тәуекелдер сақталады.
«Бірақ цифрлық теңге заңға бағынатын қоғам үшін маңызды екенін түсінуіміз керек. Валютаның мұндай түрін көлеңкелі экономикада пайдалануға болмайды. Сонымен қатар цифрлық ақшаның көмегімен инфляцияны төмендету, оның деңгейін бақылау бойынша монетарлық саясатты жүргізу тіпті оңайырақ болады», дейді.
Сарапшылардың айтуынша, цифрлық теңге кемі 5–7 жылдан кейін қалыпты құбылысқа айналады. Ұлттық банк өкілдері де бұл жоба ел экономикасын өзгертуге, оның сыртқы күйзеліске төзімділігін күшейтуге қабілетті стратегиялық жоба екеніне сенімді.