Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елге арнаған Жолдауында жасанды интеллектіні жаппай енгізу мен цифрландыруды Қазақстанның стратегиялық бағыты ретінде айқындап берді.
Мемлекет басшысы «Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады» деп атап өтті. Бұл сөздер бүгінгі жаһандық өзгерістер аясында еліміздің даму мақсаты қайда бағытталуы тиіс екенін көрсетеді.
Президент Үкіметке цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған біртұтас «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сарапшы бұл құжаттың пайда болуы ұзақ жылдар бойы шашыраңқы жүріп келген бастамаларды бір арнаға тоғыстыратынын айтады. Ол бұл жөнінде
«Цифрлық жобалар әр министрлікте жеке жүретін. Стратегияның болмауы біраз процестерді тежеді. Президент ұсынған тұжырымдама – ұлттық деңгейдегі барлық цифрлық жобаларды біріктіретін, өлшемі нақты, жауапкершілігі айқын құжат болуы тиіс. Бұл реформалардың табысты жүзеге асуына жол ашады» дейді. Сондықтан цифрландыру — тек жаңа технология емес. Бұл халыққа қызмет көрсетуді жеңілдету, бюрократияны азайту, білім мен медицинаға тең қолжетімділік, қауіпсіз әрі ашық экономикалық орта. Президенттің «цифрлық жаңғыру халықтың өмірін жақсартуға бастайтын жол» деуі – тұжырымдаманың ең маңызды тұсы.
Равиль Қаржаубаев, «Atyrau hub» директоры


