Менің туып-өскен жерім – Тұрғызба, бұрынғы атауы Кебіркөл өңірі. Бұл аймақ қасиет пен киеге толы құпия аймақ деп білемін. Батыс бетінде бірнеше мешіт орналасқан. Соған қарай адамдары да ерекше қабілетке ие болып келеді. Бақсы, сынықшы, емші, тағы да сол сияқты әртүрлі қасиетті адамдар аз емес. Қазірде ортамызда өмір кешіп жатыр, тіпті, байқалмай жатуы да мүмкін деп ойлаймын.
Мен білетін Мерей ата - тіс емшісі, Меди ата, Бақсы кемпір, Мәрзия әже, Зәпен аталар халықтың айрықша құрметіне бөленуде. Сондықтан Тұрғызба топырағының әр төбесіне құрметпен қарап, қадір-қасиетін тереңірек сезінген дұрыс дер едім. Бұндай жерлер тазалықты, имандылықты талап етеді. Осы жағын ескеріп жүрсек жақсы. Тұрғызбаның топырағымен де мақтануға болады.
Айтайын дегенім: қызыл империяның қатал заңына бағына бермеген әруақ иесі, бақсы кемпір аталып кеткен Мәрзия әже жайында еді. Сынық салады, құмалақ ашады, арадағы жын-перілерді қайтаратын қасиеттерге ие екен. Әрине, ол кезде қоғамдағы мұндай құбылыс сирек кездесетін көрініс десек те ажырасқан ерлі-зайыптыларды қосып, тағы да сол сияқты ерекшелігімен ел есінде қалды. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары - халықтың бақсы-балгерге көп көңіл аудармаған кезі. Сонда да осы қасиетті кісілердің халыққа жасаған жақсылығы әлі күнге ел аузында жүр.
Қазіргі таңда ортамызда жүрген тұрғызбалық Мәрия апа Батырқожақызы – сол аруақты ата-әжелеріміздің жолын ұстанған ұлағат иесі. Соншама жыл халқына мүлтіксіз қызмет етіп келеді. Басқа да мен білмейтін қасиет иелері болуы мүмкін. Міне, осындай жандарды құрметтейік, қадірлейік! Бұл қасиеттер тек қана Тұрғызбадай киелі жерде, таза топырақта тұрақтайды деп білемін.
Маран Шығыр,
зейнеткер,
Құлсары қаласы