ТҰРҒЫНДАР МҰҢ-МҰҚТАЖЫ – БАСТЫ НАЗАРДА

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жайлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым–Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты кезекті Жолдауында айтқан болатын-ды.

«Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, барлығымызға ортақ міндет». «Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек» - деген еді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасып келеді. Бұл үрдіс аудан әкімдігінде де бір жүйеге келтірілген. Аудан әкімі Жұмабек Қаражанов бастаған жергілікті атқарушы билік органының басшылары мен жетекші мамандары да осы тұжырымдамада жүктелген міндеттерді мықты ұстанады. Аудан басшысының әр апта сайын дерлік тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, көтерген түйінді мәселелерін тезірек тарқатуға тырысуы – соның айғағы. Онда тек аудан әкімі ғана емес, оның орынбасарлары, дербес бөлім басшылары да қатысып отырады.

Тұрғындармен дәл осындай бетпе-бет жүздесу жақында тағы да болып өтті. Онда аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы 28 адамды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мұң-мұқтажына құлақ түрді. Тұрғындар, негізінен, тұрғын үй, әлеуметтік көмек, жұмыссыздық, жер, су тасқыны салдарынан туындаған көкейдегі көп мәселелерін ортаға салды.

Айталық, аудан басшысына келген Р. есімді көпбалалы ана өзінің әлеуметтік мәселесін көтерді. Жолдасы дүниеден өткен нәзік жандының отбасы қазір баспанасыз жүр. Жарының артында екі банктен қалған несиесі бар екен. Өтініш иесі аудандағы жеке кәсіпкерлердің көмегімен сол қарызды жауып беруді сұрады. Дәл осы тектес жалғызбасты ана, Ж. ІІ топтағы мүгедек жан екен. Ол мектептің ортаңғы сыныбында білім алатын балаларына келер оқу жылына киіп баратын киім-кешек, оқу құралдарымен көмектесуді және үйіне салқындату жүйесін алып беруді өтінді. Аудан әкімінің қабылдауына келген «Өтес» шаруа қожалығының жетекшісі А.Жұмағалиев көктемгі су тасқыны кезінде малының жоғалып кеткенін және Орталық базардың артында орналасқан қоймасының да тілсіз жаудан зардап шеккенін айта келіп, осыған орай, комиссияға арыз жазғанын, соның жауабын білуге келгенін жеткізді.

Әрине, аталған мәселелер бойынша аудан әкімі өзінің орынбасарлары мен тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Мәселен, көпбалалы, жалғызбасты ананың мәселесін шешуді аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақоваға, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін атқарушы А.Мирамбаевқа жүктеді. Нақтырақ айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу, біржолғы көмекпен және азық-түлікпен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Нәтижесін өтініш иесіне заң шеңберінде хабарлауды міндеттеді. Өйткені, билік басындағы азаматтар кәсіпкерлерге жеке тұрғынның несиесін жабуға ұсыныс бере алмайтыны анық. Сондықтан заң шеңберінде әлеуметтік тұрғыдан көмек қана бере алады. Ал ІІ топтағы мүгедек анаға да дәл осындай көмек ұйымдастыруды, мектеп жасындағы балаларына «Мектепке жол» акциясы аясында қолдау көрсетуді тапсырды. Ал шаруа қожалығы жетекшісінің мәселесі аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сармановқа және аудандық ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұртас Қуатбаевқа жүктелді.

Бұл жолғы әкімнің қабылдауына келген тұрғындардың дені су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар болды. Ішінде жерасты суынан зәбір көргендер де бар. Бірқатары үйіне бағалаушы жіберуін сұраса, бір адам жері мен үйін мемлекетке өткізіп, «Болашақтан» үй алғысы келетінін білдірді, енді бірі жер учаскесінің астынан құбыр өтіп жатуына байланысты өзге аумақтан жер телімін беруді өтінді. Бұдан басқа жол кедергісін орнату, үй кезегін жылжыту, мектеп, басқа да мәселелерді көтерген тұрғындар қарасы аз болмады.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT