Келер жылдан бастап тұрғын үйді міндетті сақтандыру енгізіледі. Үкімет қазір құжатты пысықтап жатыр. Жаңа норма толыққанды жұмыс істеуі үшін тағы бірнеше заң мен кодекске өзгерістер енгізіледі. Заңның басты міндеті – түрлі табиғи апаттар жағдайында халықты қаржылық тұрғыдан қорғау.
Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ
Бүгінде тұрғын үйді зілзаладан сақтандыру мүлікті ерікті сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылады. Осы қызмет түрi бойынша 25 сақтандыру ұйымының 15 лицензиясы бар. Бұл ретте тұрғын үйді табиғи апаттардан сақтандырумен қамту елімізде небәрі 3,2%-ды құрайды. Жер сілкінісі мен су тасқыны қаупі жоғары Алматы қаласында бұл көрсеткіш 7,7%-ға жетеді. Жыл басында сақтандыру шарттарының саны 310,6 мыңнан асты, оның 70,6%-ы – жеке тұлғаларға, 29,4%-ы заңды тұлғаларға тиесілі.
Құжатқа сәйкес ерікті мүліктік сақтандыру полистері құны қымбат, сондықтан көпшілік оны жеткілікті деңгейде рәсімдей алмай отыр.
Бірінші кезеңде апаттардан зардап шеккен азаматтардың шығыстарын төленген сақтандыру сыйлықақысынан 500 есе мөлшерде ғана жабуға болады. Яғни 1 мың теңге төлегенде төлем 500 мың теңге болады. Қаражаттың жинақталуына қарай жөндеуге немесе жаңа тұрғын үй сатып алуға арналған шығыстар да өтеледі. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, сақтандырудың мөлшері жиілікке және белгілі бір өңірдің тәуекелге ұшырауына байланысты.
«Сомалар жылжымайтын мүлік салығына мөлшерлес болуға тиіс – жылына 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейін. Бұл ретте тұрғын үйлерді міндетті сақтандыру жүйесі тұрғын үйді қалпына келтіруге, барлық салдарды жоюға, сондай-ақ апаттан зардап шеккен азаматтардың барлық шығынын толтыруға арналған шығындарды толық жабуға мүмкіндік бермейді. Алғашқы үш жылда міндетті жарналар мемлекеттік қорда жинақталады. Келешекте қайта сақтандыруға жеке сақтандыру компаниялары да қосылуы мүмкін», дейді.
Ресми деректерге сүйенсек, ел аумағының 75%-ы жер сілкінісінен бастап су тасқыны мен орман өрттері туындауы мүмкін қауіпті аймақтар болып саналады. 2024 жылы төтенше жағдай салдарынан 460 млрд теңге шығын есептелді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп.
Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, бастапқы кезеңде белгілі бір санаттар үшін қалыпты тарифтер енгізіп, содан кейін сақтандыру мөлшерлемелерін арттыра отырып, тәжірибені еліміздің барлық аумағына тарату керек.
«Орталықтан шалғай аймақтарда көптеген тұрғын үйдің қызыл сызықтың үстіне салынып кеткені енді айтылып жатыр. Заң бойынша Үкімет мұндай үйлерге өтемақы беруге міндетті емес. Бірақ мемлекеттің нарықтық емес, әлеуметтік мәртебесі төтенше жағдайларда көмекке мұқтаж ағайынға жәрдемдесуді міндеттейді. Халықтың табысы экономикалық өсімге ілесе алмай жатыр. Алдағы уақытта тұрғын үй аудиті тетіктерін жетілдірмей, біз бұл мәселені шеше алмаймыз. Сондықтан тұрғын үйді міндетті сақтандыруды кезең-кезеңімен жүргізіп, осы мәселені шешіп алуымыз керек»,– дейді сарапшы.
АЛМАТЫ


