Тәрбие мен тәртіп

Ата-ананың аялы алақанында әлдилеп өсірген баласының ертеңі еңселі болсын деп тілеген ниеті кейде шынайы тәрбиемен ұштаспай жатады. Соның кесірінен қоғамның айнасы саналатын білім ошағында тәртіп бұзып, заңды аяқасты еткен жасөспірімдердің ісі бүгінде бүкіл ел-жұртты алаңдатарлық деңгейге жетіп отыр. Себебі баланың шалалығы басым түсіп, тентектік оқиғасы жиі-жиі белең алуда.

Ақиқаттан аттаған әке, шындықтан шеттетілген ұл

Осыған байланысты аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері мен олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырыстары осындай телі тентек балалардың тағдырын талқылаудан босамай тұр. Әрине, бұрынғыдай «Бала, баланың ісі – шала» деген түсінікпен кешіріммен қарауға да болар еді. Бірақ бұл ұғым бүгінде маңызын жоғалтып бара жатқандай. Себебі Қылмыстық кодекс те, қоғам да жасөспірімдерді заң алдында ақтай алмайды, керісінше, жауапкершілікке тартуына тура келетіндей. Жуырда өткен комиссия отырысында осы мәселе кеңінен талқыланды. Аудандық әкімдіктің мәжіліс залына алғаш кірген де Жаңа Қаратон ауылының тұрғындары еді. Бірінің баласы бірінің велосипедін сындырып, жәбірленуші тарап аудандық полиция бөлімшесіне хабарласқан. Осылайша іс шешімін таппай ұзаққа созылған. Істі тарқатайық. Мамырдың 18-і күні 9 жасар бүлдіршін үйіне жақын маңдағы балалар ойын алаңына велосипедін қойып, үйіне кетіп қалады. Кейінірек қайта айналып келгенде қос аяқты мүлкінің сынып, рөлінің қисайып, «цепінің» жоқ екендігін көреді. Бұл аралықта 2012 жылғы өзінен 4 жас үлкен ұл иесіз жатқан велосипедке тас лақтырып, сындырып тастаған болып шығады. Ал оқиғаны көзімен көріп, жәбірленуші тарапқа мән-жайды ашық айтқан куәгер 2015 жылғы бүлдіршін еді. Иә, ересек балалар болса, мүмкін болған жайтты айтпас та ма еді?! Бірақ полиция қызметкерінің киімі мен велосипеді сынған баланың әжесінен қорыққан ол болған оқиғаны жайып салған. Кейін аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақованың алдына келгенде де тәртіп бұзғанын жасырмады. Ал бұзақылыққа бой алдырған баланың әкесі ұлының мұндай іске барғанына ұялудың орнына, керісінше, комиссия мүшелерінің көзінше оны жалған сөйлеуге шақырды. «Сен велосипедті сындырған жоқсың ғой, сындырмадым деп айт» - деп қанша сыбырласа да, кішкентай бала «қырық өтірікті» құрастыра алмады. Ал комиссия мүшелері әкесінің бұл ісіне ескерту жасап, ұлын шындықты айтуға баулып тәрбиелеуге шақырды. Иә, «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Қателігін ұғынған ұлы біреудің мүлкіне тиісіп, бұзықтық жасағанын түсінгенімен, оған әкесі жауапты еді. Алайда, әкесі кінәні мойындаудан түбегейлі бас тартып, жәбірленуші тарапқа жаңа велосипед алып беруден де ат-тонын ала қашты. Ата-аналардың арасындағы дау да содан ұзаққа созылып келген. Мәселе бұдан да бетер ушыға түсер ме еді, кім білсін?! Десек те, оның соңғы нүктесін аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақованың өзі қойды. Велосипеді сынған бүлдіршінге «саған оны мен-ақ алып берейін, тек бұрынғы велосипедіңнің фотосын көрсет» деп мәрттік танытып, жасөспірімнің көңілін бір көтеріп қойды. Және келесіде жеке мүлікті олай қараусыз қалдырмауды тапсырды. Ал бөтеннің затын сындырған баланың отағасына қатаң ескерту жасалды. Бұзақы бойжеткен Әуелден-ақ полиция бөлімінің есебінде тұрған 2009 жылғы оқушы қыздың бұл жолғы іс-әрекеті аудан асып, облыстық деңгейдегі құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына түсті. Мамыр айының 28-жұлдызында облыстық №2 полиция басқармасына хабарласқан тұрғын Атырау қаласына қарасты «Балықшы» шағын ауданында орналасқан №22 үйдің 43 пәтерінің дәлізінде орналасқан бейнебақылау камерасын белгісіз біреудің балғамен ұрып, соғып, қасақана сындырғанын айтып арыз түсірген. Осыған байланысты тергеп-тексеру жұмыстары басталып, бөтеннің мүлкіне қол тигізген бұзақының қыз бала және оның құлсарылық екені анықталған. Бұған дейін де түнгі уақыттарда ата-анасыз немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз талай полиция қызметкерлеріне ұсталып, бөлімнің есебіне алынған оқушы бұл жолы Атырау қаласындағы өзінен бірнеше жас үлкен құрбыларымен кездесіп, асыр салған. Нәтижесінде тәртіп бұзып, түнгі сағат 03:25 минут шамасында өзге біреудің камерасын сындыруға дейін барған. Ата-анасын тыңдамай, өз дегенімен қай жаққа басы ауса, сол жаққа жүре беретін оны комиссия мүшелері де танып алған-ды. Ақтау қаласындағы мінез-құлқы өзгерген жасөспірімдерді қайта тәрбиелеу орталығының да тәрбиесін көріп келген бойжеткен түзеле қоймады. Ол аздай бұл жолы комиссия отырысына да келген жоқ. Десек те, қызының теріс қылығына әбден тойған анасы аяқтай келіп, комиссия мүшелерінен болған оқиға үшін кешірім сұрап үлгерді. Ана байғұс ұсақ қылмыстың жалғыз кешіріммен шешілетін дүние емес екенін де жақсы білді. Оған жасөспірім баласының тәртібімен дұрыс айналыспағаны үшін ҚР ӘҚБтК-ң 442-бабы, 2-бөлігімен ескерту берілген-ді. Қызының әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бұзақылықты бір жыл ішінде қайталап жасағаны үшін енді 442-баптың 3-бөлігімен айыппұл салынды. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің шешімімен мектеп оқушысы мінез-құлқы өзгерген балаларды қайта тәрбиелеу орталығына тағы да жіберілетін болды. Бұл ұсынысқа анасы қарсылық танытпады, сол жерден келісетінін білдіріп, арызын жазып қалдырды. Көшеқұмар қыз Аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында мәселесі қаралған келесі оқушы қыз да бұған дейін әкімдік ғимаратының табалдырығын тоздырған жасөспірімнің бірі. Білім ордасындағы тәртіпсіздігі үшін көзге түсіп, комиссия мүшелері алдында жиі төбе көрсетіп жүрген ол бұл жолы да анасына еріп келді. Жуырда ғана бір мектептен бір мектепке ауысып, соның арасынша коллежде де білім алып, оны да ұнатпай, басқа оқу ордасына ауысқан 10 сынып оқушысының діттеген арман-мақсатының болмауы ұстаздарының алаңдаушылығын тудырған. Оның үстіне екі күннің бірінде мектепке келмей, тиісті орта білімін алмай жүрген оның бұл ісі күн тәртібінен түспей, ата-анасына ескертіліп келеді. Жасөспірімнің сынып жетекшісінің сөзінше, қыз бала сәуір айының 18-і мен 28-і күндері аралығында сабаққа ауырып жатқандығын айтып келмеген. Алайда медицина қызметкерлерінің оған берген анықтамасы сәуірдің 22-інен 28-іне дейінгі аралыққа берілген. Одан бөлек мектепке 29-30 сәуір күндері келген ол мамыр айының 2-і мен 5-і күндері қайтадан себепсіз қалып қойған. Бұл соңы емес. Мұндай жағдай одан кейін де жиі қайталанған. Мамыр айының 15-16-ы ғана сабаққа қатысқан оқушы одан кейінгі күндері білім ордасының маңына жоламаған. Мұғалімдері оқушының анасына қанша хабарласса да қоңырау тұтқасын алмайтынын, ал көтерген күндері ауырып жатыр деп құтылатынын айтып ашынды. Комиссия мүшелері жиын үстінде оқушының сынып жетекшісі әкелген медициналық анықтаманы тексеріп, оның жалған парақ екенін анықтады. Осы кезде комиссия төрағасы Гүлнафис Айшуақова қызға сұрақ қойып: «Болашақта кім болғың, қайда білім алғың келеді? Атырауда оқығың келе ме?» дегенімен, оған қыз тіс жарып жауап та бермеді. Сөйтсек үнсіздік қыздың мұндай маңызды жерлерде қашып құтылатын ең оңай амалы екен. Бар уақытын 10 сынып оқушысына сарп етіп, оның мектептің ішіндегі және сыртындағы тәртібіне сараптама жүргізген ұстаздар бұл қыздың білім ордасынан тыс, кешкілік көше кезіп жүретін уақыты көп екенін және сондай сәттерде өте ашық, көңілді жүретінін де зерттеп біліп алған. Өзінің араласатын құрбыларымен ғана ашылып, әңгіме айтатын оның бұл тірлігін комиссия мүшелері жанұядан да болуы мүмкін деп топшылады. Себебі олар анасымен еркін диалог құра алмай, әкесінен жылулық көрмеген қыздың мейірімді сырттан іздеп кететінін жақсы біледі. Бұл тәжірибеде жиі кездесіп жүр. Мектептің жоғарғы сыныптағы ең қызықты жылдарында мұңға батып, мың түрлі ойға шомып, ата-анасының айтқанын тыңдамай жүрген қызға қатысты шешім шығару комиссия төрағасы үшін оңайға соқпады. Сондықтан ол жиын аяқтала салысымен, қыздың өзімен бөлек сөйлесетінін айтып, күн тәртібіндегі келесі мәселеге ауысты. Тәртіпке бағынбайтын бала Аудандық білім бөлімінің №425 хатын негізге ала отырып, комиссия мүшелері 2012 жылғы 7-сынып оқушысының тәртібін таразыға салды. Сөйтсек, өзінен бөлек 3 бауырын қатар тәрбиелейтін жалғызбасты әкесінің әміріне құлақ аспай, өз дегенімен жүретін жасөспірімнің мәселесі бұған дейін де комиссия отырысында қаралып, көзге түскен. Алайда «Одан бері ешқандай өзгеріс жоқ» - дейді мұғалімдер. «Оқушымыз сабақтан көп қалады. Оның үстіне себепсіз келмей қалады. Біз тоқсанға баға шығаруымыз қажет. Ал бұл бала білім ордасына бір апта келсе, бір апта жоқ. Қашанғы үйінің есігін тоздырамыз» - деп налиды мұғалімдері. Оқушының жанұя мүшелері 2020 жылы екі жаққа бөлінген. Анасы Атырау қаласына кеткенде бір үйдің 2 ұл, 2 қызы Қосшағыл мектеп-интернатында тәрбиеленген. Кейіннен интернат жабылып, балалар әкесінің тәрбиесіне өтеді. Әкесінің айтуынша, ұлы ара-тұра Атырау қаласында тұратын анасына жолығамын деп, барып тұрады екен. Алайда, кейін қайтпай қалады. «Осыған дейін 4 рет Атыраудан өзім алып келдім. Осылай екі ортада жүргенде балам бір нәрсеге ұшырап қала ма деп қорқамын. Төртеуін асырауға шамам жетеді. Балаларым үшін таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс жасаймын. Бірақ осы балам тәртіпке бағынбай тұр» деп ішіндегісін жасырмады. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің ісі ұзаққа созылмады. Комиссия мүшелері оқушыны бірауыздан түзету орталығында білім алуға шешім шығарды. Бұл шешімге әкесі де келісіп, жиын барысында өз арызын жазып қалдырды. Иә, қоғамдағы әр баланың тағдыры – ел болашағының бір үзігі. Сондықтан жасөспірімнің өміріне салғырт қарау - келешектің қауіпсіздігіне нұқсан келтірумен пара-пар. Ал аудан әкімі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның өткізген бұл жолғы отырысы тәрбиенің тек мектептің немесе тәртіп сақшыларының міндеті еместігін, ең алдымен, отбасынан басталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT