ТОЛҚЫНДА ШЫҢДАЛҒАН ШТУРМАН

Бүгінде әлем мемлекеттері кәсіби әскерге арқа сүйейді. Қазақстан да осы дүниежүзілік тәжірибені бетке ұстап, сарбаздан гөрі сардарлар сапының сапасын арттыруға көшкелі қашан?! Бұл ретте елімізде келісімшартпен әскери қызмет атқаратын азаматтар қатары көбейіп келеді. Олардың арасында жылыойлық жігіттердің де жүргені қуантады. Соның бірі – Ақтау қаласындағы әскери-теңіз флотында қызмет ететін жерлесіміз Абай Ескендірұлы.

1999 жылдың қазан айында дүниеге келген Абай Ескендіров №1 жалпы орта білім беретін мектептің түлегі. 2017 жылы 11 сыныпты аяқтаған соң Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің Теңіз академиясына “Кеме жүргізу ісі” мамандығы бойынша оқуға түседі. Жоғары білім ордасында дәріс ала жүріп, 2018-2020 жылдар аралығында екіжылдық әскери кафедраны да аяқтаған студент өз ісіне деген құрмет пен жауапкершіліктің арқасында өзі қалаған мамандықты меңгеріп шықты. Сөйтіп 2024 жылы «Әскери қызмет және әскери қызметшiлердiң мәртебесi туралы» заңының 32-бабына сәйкес, ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың бұйрығымен Ақтау гарнизоны бойынша №21814 әскери бөлімінің ІІІ дәрежелі зымыран-артиллериялық кемелердің штурмандық жауынгерлік бөлімшесінің командирі болып тағайындалған. Әскери мамандықты жаны қалап, бала кезінен осы салада еңбек етуді армандаған ол өз сөзінде:

- Атамекеніме адал қызмет ету мақсатында теңізші мамандығында білім алғым келді. Оның үстіне бұл кішкентайымнан көкейде жүрген арманым. Әрине, қызметтің оңайы жоқ. Бірақ өз ісін жақсы көретін адам өз міндетін екі есе сүйіп, мінсіз атқаратыны анық. Менің ойымша, батылдық, табандылық, тәртіп пен адалдық – әскери қызметкердің айнымас серігі. Осындай қасиеттерді бойына сіңірген әр жігіт Отанының сенімді тірегі бола алады. Біздің «Теңізде батылдық, жағада адалдық» деген ұранымыз бар. Бұл сөз біз үшін қасиетті болып кеткені соншалық, әр айтқан сайын жігерленіп, күшқуат аламыз. Отан қорғаушылар күні қарсаңында еліміздің түкпір-түкпірінде әскери борышын өтеп жүрген жігіттер мен қыздарды мерейлі төл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, қажымас қайрат, мықты ерік-жігер мен таусылмас бақыт тілеймін. Және отбасыларына аманесен қауышсын дегім келеді. Отан – әр адамның жүрегіндегі шырақ қой. Сол шырақты сөндірмей, бірігіп желдің өтінен қорғасақ, бұл - елім деген ерлердің ерлік ісі болмақ,-дейді Абай Ескендірұлы.

Бүгінде “Маңғыстау” зымыран-артиллериялық кемесінің штурмандық жауынгерлік бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқаратын ол жыл сайын Каспий теңізі аумағында Әзербайжан және Ресей мемлекеттерімен болатын бірлескен оқу-жаттығуларға қатысып тұратынын жеткізді. Бұл өзі секілді әскери қызметкерлердің тәжірибесін шыңдап, білімін жетілдіруге мол мүмкіндік береді екен.

Иә, әскери қызмет – асқан батылдық пен үлкен жауапкершілікті талап ететін жол. Осындай қызығынан қиындығы мол кәсіп түрін таңдап, қайсарлықтың үлгісін көрсетіп жүрген Абай, әрине, бүкіл Жылыой жұртының мақтанышы! Ендеше, жерлесімізге теңіз айдынындағы ерлікке толы жауынгерлік жорығында талмай, табандылықпен адал қызмет етуіне тілектеспіз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT