Ақтаңдақ тарих беттеріне үңіле отырып қазақ елінің басынан өткерген небір сойқан аласапыран, нәубет жылдардың зардабына куә боларымыз сөзсіз. Алтын құрсақты қазақ аналары әр кезеңде заманына лайықты текті ұлдарын өмірге келтіріп отырғаны да ақиқат.
Өткен ғасыр басынан бергі кезеңге көз жіберер болсақ, осынау жазиралы кең сахара төсін алтын құйма тұяқты арғымақтай, шері жүректі небір боздақтар елі үшін, кең байтақ атадан мұра жер үшін, болашақ ұрпақ қамы үшін дүбірлетіп өтпеді дейсіз....
Сондай арысымыздың бірі де бірегейі -"қарадан шығып хан болған" Маңғыстау уезінің тұңғыш революциялық комитетінің төтенше уәкілі, төрағасы, Адай тайпасының көсемі әрі дипломатиялық биі, батыр Тобанияз Әлниязұлы туралы болмақ.
Т.Әлниязұлының Алашорда арыстарымен талай съезде бас қосып, тығыз байланыста болғандығы жөнінде Х.Есенжановтың "Аласапыран" романында терең баяндалады. Сондай-ақ дала комиссары Әліби Жанкелдиннің Астраханнан Каспий теңізі арқылы Маңғыстау портына келген сапарында Тобанияз Әлниязұлының қарсы алып, көмек көрсетуі, комиссардың қолынан мандат берілуі туралы дерек көрнекті жазушы, ақын Иса Байзақовтың "Ленин" поэмасында бейнелі түрде баяндалады. Т.Әлниязұлының Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдерде ел тыныштығы үшін көршілес Хиуа, Қоқан, Түрікмен елдеріне дипломатиялық сапарда жүргендігі де ел есінде сақталған.
Ендігі кезекте Тобанияз Әлниязұлының ата-тегіне келер болсақ, ол Кіші Жүздің Келімберді-Жеменей тайпасының Кенже тақтасынан, арғы аталары Ер Қонай батырдан тарайды.
Оған "Қарадан шығып хан болған" деп халық айдар тағуының мәнісі өз әкесі Әлнияз қарапайым шаруа адамы болған.
Хандық дәрежеге өзінің ақылдылығы мен Құдай бойына дарытқан қолбасшылық қасиетімен жеткенін көреміз.
Әкесі Әлнияз, анасы Жансұлу қазіргі Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Сағыз елді мекенін қоныс қылған. Жаз жайлауы Буракөл, Ақшелек болса, қыстағы Бозащы, Қарой беті екен.
Т.Әлниязұлының төрт әйелі болған. Біріншісі Қалампыр Ақкиізтоғай ауылының тұрғыны Жаңбырбай Өмірзақов ақсақалдың туған апасы. Қалампырдан туған жалғыз ұл Бердіхан 1911 жылы дүниеге келген. Тобанияз Әлниязұлы жала жабылып, «халық жауы» атанып, тұтқынға түскен кезде баласы Бердіхан да әкесімен бірге қамауға алынады. Бұл 1931 жыл еді.
Түркістан түрмесінде үш жылға жуық қамақта болған Бердіхан 1933 жылдың аяғында босап шығады. Бұл кезде әкесі Т.Әлниязұлын арнайы жасақпен Алматы түрмесіне әкеткен еді. Ал, Бердіханның Әдемі есімді әйелі Абдолла хазіреттің қызы болатын, осы некеден Таңшолпан, Айсәуле есімді екі қыз өмірге келеді. Бердіхан мұсылманша да, орысша да өте сауатты, мамандығы мұғалім кісі. Қамақтан шыққан соң Тереңөзекте тұрмыстағы қарындасы Шандоз Тобаниязқызын (яғни, менің шешемді – авт.) іздеп келіп, екі-үш күндей қонақ болып кеткен. Ағалы-қарындасты екі бауырдың бұл ең соңғы жүздесуі еді. 1937 жылға дейін Бозащыдағы мектепте орыс тілі пәнінен дәріс берген. «Тобанияздың баласы» деп әлдебір қаражүрек сатқындардың көрсетуімен қайтадан ұсталып, соңында хабар-ошарсыз кетеді.
Т.Әлниязұлының екінші әйелі - Балым. Руы Қалша Жеменей. Балымнан төрт қыз - Фатима, Қатима,Шандоз, Жалтыр туады. Үшінші әйелі Моншақ. Руы Беріш. Тобанияз батыр ұсталған соң Сағыз бетінен Сеңгір есімді кедей шаруаға тұрмысқа шығып кеткен. Төртінші әйелі – Дөңбай. Руы Есен-Адай. Дөңбайдан 1922 жылы туған Зәкіржан есімді жалғыз ұл. Т.Әлниязұлы тұтқындалғанда Дөңбай анамыз 7 жасар Зәкіржанын ертіп Түркіменстанның Мары қаласы, Чеменабад, Красная ветка деген мекеніне дейін ірге көтеріп, қашып барады. Ұлы Зәкіржанға Бақтыбаев есімін бергізген. Ол сол мекенде өсіп-өніп, үйленіп төрт ұлды болады да, 1973 жылы бақилыққа аттанады. Оның үлкен ұлы Алмас 1949 жылы, Шамаби 1952, Бегендік 1959, Бекарыс 1966 жылы туған. Зәкіржаннан тараған ұрпақтар 1992 жылы Маңғыстау облысы, Қызылтөбе елді мекеніне көшіп келіп, атамекенге оралды. Қазіргі уақытта осы ауылда тұрып жатыр, төрт ұлының барлығы да жанұялы.
Жоғарыда атап өткенімдей, менің анам Шандоз Тобаниязқызы 1922 жылы туып, 1965 жылы қайтыс болды. Сүйегі өзіміздің Жылыой өңірінің бұрынғы Сарықамыс елді мекеніндегі «Қадис ата» қорымына жерленді. Ол Т.Әлниязұлының екінші әйелі, яғни Балым анамыздан туған. Сондықтан өзімнің туған нағашым, анамның әкесі Тобанияз Әлниязұлының ғұмыр жолына зейін аударып, тарихи деректерді теруімнің де себебі жоқ емес. Бұл ретте әр адамның әрқалай пікірде болуы да заңдылық.
Тобанияз Әлниязұлының өмірдерегінде оның 1990 жылы жалған жаладан арылғаны айтылады. Бірақ ол, негізінен, 1962 жылы ақталған. Бұл туралы ұлы Зәкіржанның ұрпақтарының қолында құжатты деректемелер бар.
Дәйекті нақты деректерге сүйеніп, өлі аруақтың разылығы үшін төмендегі мәліметті де оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.
Осыған дейінгі деректерді Т.Әлниязұлының 1930 жылы қайтыс болғаны келтіріледі. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған анықтамаға қарағанда, Тобанияз Әлниязұлы сол замандағы үштіктің үкімімен өлім жазасына кесіліп, 1931 жылғы 9 наурызда түнгі сағат 11-де Алматы түрмесінде атылған екен. Бұл туралы 2021 жылы Алматы қаласындағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген Болат Жұмағұловтың «Сұрқия саясат сойқаны» атты кітабында жазылады. Ондағы 310-бетте «Мұрағаттан табылған дерек» атты тың мәлімет келтірілген. Бұл шағын жазбада Тобанияз Әлниязұлының неліктен Алматы қаласындағы түрмеге жөнелтілгені ашық айтылады. Онда былай делінген: «Бұл жұмбақтың шешуін ҚР ҰҚК мұрағатындағы 011377 істің, 3-томынан табылған, «Өте құпия» деп бұрыштама соғылған Акт арқылы таптық. Онда 1931 жылғы наурыздың 9-ы күні, сағат 23-те Алматы қаласында ПП ОГПУ Коменданты ОЗОЛ жолдас, Коменданттың көмекшісі СЕВКОВСКИЙ жолдас, Уәкілетті органның көмекшісі ХОЛОПОВ жолдастың қатысуымен Қазақстандағы ПП ОГПУ жанындағы Үштіктің 30 жылғы 9 қазандағы №2434 іс бойынша АЛНИЯЗОВ Тобониязға (Тобанияз – Б.Ж.) қатысты жазаның ең жоғары түрі туралы үкімін орындады. Үкім ату арқылы орындалды. Мәйіт жерге берілген» – деп көрсетіліп, Үкімді орындау туралы 2 дана акт РСО ПП-ға тапсырылғандығы туралы айтылып, қолдары қойылған екен» деп жазады.
Осылайша қазақтың біртуар азаматы Т.Әлниязұлы жазықсыз сталиндік репрессияның құрбаны болды. Биыл алаш үшін жанын берген арысымыздың нақақ өліміне 94 жыл толды. Батырдың жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болғай!
Тәжібек (Мәтжан) Жанаев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
* Суреттерде: 1. Ақтау қаласындағы Тобанияз Әлниязұлының ескерткіші.
2. Т.Әлниязұлының 1931 жылдың 9 наурызында атылғанын айғақтайтын акт.