Елімізде бірінші топтағы, жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін жеке көмекші қызметіне қатысты төлем тәртібі өзгерді. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мәлім еткендей, бұл төлем тәртібіндегі жаңашылдық, қаржыландыру жүйесі төлемдердің ашықтығын арттыруға және оңтайландыруға бағытталған.
Мүгедектігі бар адамдарды абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес көрсетілетін жеке көмекші қызметі азаматтардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуге, қоғамдық ортаға бейімделуіне, медициналық және әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
- ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2025 жылғы 28 ақпандағы №63 бұйрығына сәйкес, енді жеке көмекші қызметіне төлем жасау функциясы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Бұрын төлемдер жергілікті бөлімдер арқылы жүргізілсе, жаңа тәртіп бойынша қаражат тікелей Мемлекеттік корпорация арқылы аударылады. Осыған байланысты ілесіп жүру актілерін толтыру тәртібіне де ерекше мән беріледі.Акт нақты әрі қателіксіз толтырылуы тиіс, себебі тапсырылған құжаттарға кейін өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Сонымен қатар, жеке көмекшілер өздерінің банк есепшоттарының дұрыстығын алдын ала тексеріп отыруы қажет. Қателіктер анықталған жағдайда, ақпарат жеке көмекшінің электрондық кабинетінде көрсетіледі. Сондықтан электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүйелі бақылау жүргізу ұсынылады,-деп түсіндірме берді бөлімнің бас маманы Ләззат Досжанова.
Айта кету керек, жеке көмекшілер ақша аударатын есепшот деректерінің дұрыстығын алдын ала мұқият тексеруі қажет. Қандай да бір қателік анықталған жағдайда, бұл ақпарат жеке көмекшінің жеке кабинетінде көрініс табады. Осыған байланысты жеке көмекшілер өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы жүйелі түрде тексеріп отыруы тиіс. Қызмет көрсетілгені туралы акт есепті айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмей тапсырылуы міндетті. Ал төлемдер кепілдік берілген сома аясында Мемлекеттік корпорация арқылы жүзеге асырылады. Кепілдендірілген сомадан тыс міндетті әлеуметтік аударымдар жергілікті атқарушы органдардың немесе өзге де заңды тұлғалардың қаражаты есебінен есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей аударылады. Сондай-ақ жаңа талаптарға сәйкес, азамат медициналық ұйымдарда, оңалту орталықтарында, санаторийлік-курорттық мекемелерде стационарлық емдеуде немесе мемлекеттік толық қамтамасыз етуде болған кезеңде жеке көмекші қызметі уақытша тоқтатылады.Бұл жаңашылдық әлеуметтік саладағы қызмет көрсетудің ашықтығын күшейтіп, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдаудың сапасын арттыруға ықпал етпек.
А.Талапкер




