Теміржолшының қызы әкесін мақтан етеді

«Әндетіп келем,
Жарысып желмен,
Мінгенім тепловоз...» деп басталатын жеңіл ырғақты әнді кішкентайымнан естіп өстім. Әннің сөзі де құлағымда әлі күнге дейін сақталған. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары батыс өңірінде, әсіресе Атырау, Құлсары, Мақат теміржолшылары арасында кеңінен тараған бұл әнді менің отбасым жақсы көреді. Теміржолшылар әулетінде дүниеге келген мен де өзімнің «теміржолшының қызы» деген атымды мақтан етемін.

Бүгінде бұл ән өзге өңірлерде ұмытылып, көп шырқалмаса да, құлсарылықтар арасында әлі де болса айтылады. Ән ара-тұра мерекелік кештердің сәнін келтіріп жүр. Ал дәл осы «Машинистер» әні жылына бір рет ерекше шырқалатын күн бар. Ол тамыз айының бірінші жексенбісінде тойланатын –Теміржолшылар күні.
Теміржол саласы - ең күрделі, ең ауқымды саланың бірі. Алып жердің бетінде қан тамырдай таралған болат жол бойында бір сәт үзілмейтін қозғалыстан тұратын саланың қиындығы айтпасақ та белгілі. Ауыр тіркемелер кідіріссіз әр қиырға жол тартуы үшін қысқы аяз бен жазғы аптапта жұмыс істеу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Себебі, бұл сала – еңбекқорлықты, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді.
Осы теміржолға саналы ғұмырын арнап келе жатқан еңбек ерлері бар. Соның бірі – менің әкем Жұмаберген Хауашев. Жоғарыда атап өткендей, теміржолшының қызы екенімді мақтан тұтамын. Өйткені, әкем 40 жылдан астам уақыттан бері «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясына ерен еңбегімен елеулі үлесін қосып келеді. Жыл он екі айдың қай мезгілінде болсын әкем теміржол көлігінен түспей іс-сапарда жүреді. Қыс болса қар тазалауға, жаз болса жол салуға жөнеп, үй бетін көрмей кетеді. Мерекелік күндері кезекшілікте тұрады. Мереке ғой деп уайымсыз демала алмайды. Кейде әкеме қарап таңғаламын. Ащы тер, темірдей тәртіп, айқай-шу. Мұның бәріне теңіздей терең төзімділік керек.
Маған біреу сенің кумирің кім, кімнен үлгі аласың десе, бір қарағанда өңі сұстылау, қабағы қатулы, мінезі қаталдау әкемді айтар ем. Себебі, теңеулерім қатты мінезді адамды меңзегенімен, шын мәнінде ол – жүрегі жұмсақ, мейірімді адам. Қатулы қабақ, қаһарлы мінез оның жұмыстағы образы еді. Темірдей мықты тәртіпті талап ететін сала қызметкерлерінде темірдей қатты мінез болады. Әкем де сондай. Мысалы, дәрігердің міндеті – адам жанын аман алып қалу. Олар науқастардың жанын түсініп, сөйлеседі. Мұғалімнің міндеті – бала оқыту. Ол да балаларға бала тілінде сөйлесіп, білгенін үйретеді. Ал журналистің міндеті -жазу. Нені көреді соны әдемі етіп жазып шығады. Теміржолшыларда да дәл осындай өзіндік болмыс бар. Әр мамандықтың қыры мен сыры, ерекшелігі болатын болса, бұл саланың да өзіндік ерекшелігі мен даралығы бар.
Тек әкем ғана емес, отбасымда анам, ағам да теміржол саласында қызмет етеді. «Әке көрген оқ жонар» демекші ағам әкемнің салған сара жолын таңдады. Анамның теміржол саласына қосып жүрген үлесі мол. Інімнің де таңдауы осы саладан алыс емес. Бір үйде бір адам «өзгеше» болады дейді ғой, менің таңдауым журналистикаға түсті.
Үнемі дастархан басындағы отбасылық әңгімелер арасында жұмыстағы қызықты оқиғалар немесе апаттық жағдайлар орын алған болса, барлығы талқыланады. Одан бөлек, ғаламтордағы теміржол жаңалықтарын қалт жібермей, хабарламаларды бөлісіп, қызу пікірталас жүргіземіз. Сол кезде мен «жұмыста да, үйде де осы «теміржол әңгімесі» қашан бітеді екен?» деп шағымданатынмын. Бертін келе бұл сөзімнің қате екенін түсіндім. Себебі, әкем өзінің еңбек жолын, талай жылғы тәжірибесін балаларына үлгі етіп келеді екен. Адал еңбекпен тауып жеген нанның тәтті болатынын ұғындырады екен. Кейінгі кездері неге әке жолын қумай басқа мамандықты таңдадым деп ойлайтыным да бар.
Теміржолшы бейнеті мол, ауыр кәсіп. Алайда осы мамандық иелерінің еңбегі бағалана бермейді. Ұзақ жыл жұмыс жасаған адам қаншама жылдар бойы елге, қоғамға пайдалы үлес қосады.Сөйте тұра тәжірибелі аға буынның еңбектері ұмыт қалады кейде. Өзге салалардағы секілді ынталандыру сыйлықтары берілмейді. Әкемнің жылдар бойы жұмыс жасағанда алған бір Алғыс хатын көрмеппін. Менің журналист болуымның да бір себебі осы. Әкемнің қажыр-еңбегін бағалап, абыройын асқақтатып, мәртебесін биікке көтеру.
Жолаушылардың өміріне әрі тасымалданатын мыңдаған жүктерге жауапты сала қызметкерлері – Теміржолшылар күнімен осы салада тер төгіп жүрген барша жандарды құттықтаймын. Болат жолды еліміздің экономикасының қан тамырындай десек, оның үздіксіз ырғағынан жаңылмауын тілеймін.

А.ЖҰМАБЕРГЕНҚЫЗЫ,
Журналист

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT