Гендерлік теңдік мәселесі сөз бола қалса, ойымызға «әйелдер қауымының құқығы мен олардың орны қандай?» деген сұрақ келеді. Алайда гендерлік теңдіктің ауқымы бұдан әлдеқайда кең және оның саяси мәні де зор.
Кез келген мемлекет үшін әйел мен ер-азаматтың әлеуметтік ортадағы орнын тең ұстап, жалпы қоғамды сол қалыптан айнытпай алға жылжыту аса маңызды. Бүгінгі күнгі басым міндеттің бірі әйелдерге қатысты күш көрсету жағдайын төмендету болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, гендерлік мәселелер көптеген елдерде мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Халықаралық қоғамдастық гендерлік теңдік саласындағы рейтингтерді үнемі қадағалап отырады. Сонымен бірге, ел Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді.
Конституцияның 27-бабына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Ал «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс отбасы-неке қатынастарын реттейді. Олардың басты қағидасы- ерлі-зайыптылардың отбасындағы теңдігі, балалардың отбасылық тәрбиесінің басымдығы, отбасының кәмелетке толмаған және еңбекке қабілетсіз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Мемлекеттік гендерлік саясаттың мақсаты қоғам өмірінің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің тепе-тең құқықтарға, пайдаға, міндеттер мен мүмкіндіктерге қол жеткізуі, жыныс белгісі бойынша кемсітушіліктің барлық нысандары мен көріністерін еңсеру болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ерлер мен әйелдердің құқығы мен заңды мүддесін қорғау саласында нақты жетістіктерге жетті. Қазақ елінің адам құқықтары бойынша көптеген халықаралық шарттарға қосылуының өзі гендерлік саясатты бұдан әрі дұрыс жүргізудің алғышарты деуге болады.
Альбина Қожағалиева,
аудандық сот әкімшісінің бас маманы,
сот мәжілісінің хатшысы



