Таяққа төзген тағдырлар

Осы жылдың 15 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73.1, 73.2-баптары алынып тасталды. Оның орнына Қылмыстық кодекске 108.1, 109.1-баптар енгізілді. Бұл дегеніміз бұрын әкімшілік іс саналатын жанұядағы зорлық-зомбылық мәселелері енді қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қаралатын болады. Өкінішке қарай, елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты заң қатайса да отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтеретіндер саны әлі азайған жоқ. Ауданда өзектілігін жоғалтпай отырған мұндай мәселелерге енді қалай тоқтау қойсақ болады? Күші тасып, нәзік жандыларға ғана әлі келетін бүгінгі күннің батырлары қандай жаза алып жүр?

Жоғарыда айтып өткен Қылмыстық Кодексінің 108.1-бабы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру бойынша үстінен іс қозғалған жандар енді 738 мың теңге айыппұл төлейді немесе 50 тәулікке қамалады. Айыппұл мөлшері ескі баппен салыстырғанда 36 мың теңгеден 295 мың теңгеге өссе, қамауға алу мерзімі 10 тәуліктен 25 тәулікке ұзарды. Ал, 109.1-бапқа сәйкес тән ауруына ұшыратып, бірақ денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған азаматтар 369 мың теңге айыппұл арқалайды немесе 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Дегенмен, іс күрделі болса, құқық бұзушы 4 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін. Маусым айының 14-ші жұлдызында күшіне енген заңға 4 ай уақыт өтсе де ауданда тұрмыстық зорлық-зомбылық жиі орын алып жатыр.

Бұл мәселенің түйінін тарқатып жүрген аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Рысты Мұханованың сөзінше, ауданда әкімшілік іс бойынша өткен жылы 215 іс тіркелсе, биыл жыл басынан бері 305 іс көтеріліп отыр. Ал, жаңа заң күшіне енген соңғы 4 айдың ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа байланысты 23 іс қозғалды. Оның 22-і 109.1-бап «тән ауруына ұшырату» әрекеті мен біреуі 108.1-бап «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша тіркелген. Ауданда жолдасынан, туысынан жәбір көріп, үйінен безген қыз-келіншектер мен қоғамдағы түрлі қиындықтарға тап болып, барар жері, басар тауы жоқ нәзік жандыларға арналған «Отбасын қолдау» орталығы ашылған болатын. Аптаның демалыс күндерінде де жылы орнын ұсынатын орталық бала-шағасымен келген әйелдерді тек бір ай уақыт паналата алады. Ал, осы уақыт көлемінде екі жақ татуласып, яғни, ері мен әйел арасындағы түсініспеушілік жалғасын тауып, отбасы бірікпесе, онда Рысты Жоламанқызы жәбірленушіні балаларымен бірге Атырау қаласындағы «Дағдарыс» орталығына жіберуге мәжбүр болады. Отағасының соққысынан шаршаған нәзік жандыларды қабылдайтын «Дағдарыс» орталығы оларды 6 айға дейін ұстайды. Онда да орын шектеулі, 20 адамнан артық ұстай алмайды. Бұл орталыққа ауданымыздан жыл басталғалы 2 нәзік жанды бала-шағасымен түскен болатын. Оның бірін ағайын-тумасы келесі күні-ақ сол жерден алып кетсе, екіншісі 6 ай уақыт ішінде жолдасымен татуласып, бүгінде бірге тұрып жатыр.

Аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Рысты Мұханова өз сөзінде:

- Бізде «ағайын-тумадан ұят болады» деп немесе «балалар үшін шыдайын» деп өз өмірін қор қылып жүрген әйелдер жетерлік. Олардың көбі – 3-4 балалы аналар. Отбасындағы кикілжің көбіне ішімдіктің және өзі жұмыс жасамай, бәрін әйелдің мойнына артып қоятын еркектердің кесірінен болады. Бала-шағасына ауызына келгенін айтып, тәлім-тәрбие бере алмай, ащы суды сіміріп, әйелін адам танымастай етіп ұратын еркектерге төзіп жүре берген қыз-келіншектердің өмірі өмір емес қой. Сондықтан бізден көмек сұрап келетін әйелдерге қолымыздан келгенше көмектесіп, қатаң бақылауға аламыз. Соңғы 9 айдағы есеп бойынша жәбірленушінің құқығын қорғау мақсатында құқық бұзушы 242 азамат полиция бөлімінің профилактикалық есебіне алынса, оның 29-ына ерекше талап қойылды. Бүгінде отбасылық зорлық-зомбылық мәселесінің алдын алу ісі бойынша мектептерде, отбасын қолдау кабинеттерінде түсіндірме жұмыстары жүріп жатыр ,– дейді ол.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының алдағы жоспарына сәйкес жыл аяғында «әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында жиналыстар, ақпараттық жұмыстар мен түсінік жұмыстары өтеді. Ол жиынға отбасылық өмірде жәбір көріп жүрген қыз-келіншектер келіп, өзінің жағдайын айтып, психолог көмегіне жүгіне алады. Жоғарыда айтылған сандар тек қана полиция бөлімімен анықталған істер ғана. Ал, біз білмейтін үйінде үнсіз отырып, «ұятты» алғашқы орынға қойып, таяқтың астында «өмір сүріп» жатқан тағдырлар қаншама?! Үйленгенше «жаным» деп, үйленгеннен кейін жаныңды жейтін ер-азаматтардың бұл тірлігі қашанға дейін жалғаспақ? Оларды тек қатаң заң талаптары ғана тезге сала алады.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT