Ауданда орыс, татар, өзбек, кәріс, украин және басқа да ұлт өкілдері жергілікті қазақ халқымен бірге тату-тәтті тірлік кешіп жатыр. Бейне бір отбасының балаларындай «Киелі мекен – Кең Жылыой» деген қасиетті қара шаңырақ астында бір-бірімен етене араласып, тіпті құда-құдандалы болып кеткен жандар да бар. Арасында ауданның ең маңызды білім саласында еселі еңбек етіп, өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұлағатты ұстаздар да аз емес. Соның бірі - Зарина Насырова.
Зарина Радиковна 1986 жылы 4 желтоқсанда Атырау қаласында дүниеге келген. Ұлты – татар. Балалық шағын Құлсары қаласында өткізеді. 2004 жылы №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепті аяқтайды. Сол жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне экология мамандығына оқуға түседі. 2008 жылы оны ойдағыдай бітіріп, кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдап, биология пәні мұғалімі мамандығын меңгереді.
- Отбасымда әкем Насыров Радик Шаухатович – жеке кәсіпкер. Анам Насырова Асия Шавкетовна 4 жыл бұрын дүниеден өтті. Кіші інім Насыров Наиль Радикович «Три Самурая» фаст-фуд орталығының менеджері болып қызмет етуде. Қызым 8 жаста, 2-сыныпта оқиды. 2009 жылдан бастап №18 М.Сатыбалдиев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте биология пәні мұғалімімін. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 11 «Д» сынып жетекшісімін. «Педагог-сарапшы» біліктілік санатын игердім. Жалпы мұғалім болып жұмыс істеген жылдар ішінде бірнеше мектеп бітіруші түлектерді даярладым. Олар қазір стоматолог, инженер, косметолог секілді басқа да салада еңбек етуде. Мен оқушыларымның елімізге пайдасы тиер, нағыз маман иесі болғанын мақтан тұтамын. Иә, қазақ, соның ішінде жылыойлықтар – бауырмал халық. Осындай игі жақсының бір баласындай, өзге ұлттың азаматтары да өңірдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келе жатқаны қуантады.
- Менің ұлтым татар болғанымен, қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Ұжымдастарым сабақтан тыс уақытта да менің мемлекеттік тілді меңгергенімді байқап жатады. Қызметтес ұжымдастарым маған мейіріммен қарап келеді. №18 М.Сатыбалдиев атындағы орта білім беретін мектептің директоры Алтынгүл Амангелдіқызына және ұжымдастарыма осындай қолдауы мен сыйластығы үшін алғысымды білдіремін. Достарым мені қалжыңдап «Татар адайкасы» деп атайды. Өйткені бала кезімде атам «Руың кім?» деп сұраса, адай деп айта ғой» дейтін. Жалпы бос уақытымда тағам әзірлегенді жақсы көремін және әртүрлі гүлдерді баптап, өсірумен айналысамын. Мен алақандай Құлсары қаласында өмір сүріп, еңбек етіп жатқанымды мақтан тұтамын. Өйткені ауданымызда әртүрлі өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр, әрі бір-біріне сыйластықпен қарайды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Қазақстан халқына бейбітшілік, еліміздің гүлдене беруін тілеймін. Еліміз өсіп-өркендесін демекпін!
Білім жолында еңбек етіп келе жатқан Зарина Насырова аудандық ғылыми-тәжірибелік семинар мен тренингтерге қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтқанда, аудандық «Үздік биолог – 2020» онлайн байқауында II орынды иеленсе, химия және биология пәні мұғалімдері арасында «Екі ғылым тоғысы» аудандық интеллектуалды байқауында III орын алып, арнайы дипломмен марапатталды. Сондай-ақ ауданның білім беру саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен шығармашылық жетістіктері үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасын иеленді.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ