Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай, сондай-ақ ұлт көсемдерінің бірі, Алаш арысы Міржақып Дулатовтың туғанына 140 жыл толуына байланысты Құлсары қаласындағы аудандық «Атамұра» тарихи – өлкетану мұражайында «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты ақпараттық-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Шараға №18 жалпы білім беретін мектептің 11 сынып оқушылары мен музей мамандары қатысты. Алғашқы бөлімде қатысушыларға сталиндік репрессия және Алаш қозғалысының көрнекті өкілдері жайлы тарихи мағлұматтар берілді. Презентация барысында қазақ зиялыларының ұлт үшін жасаған ерен еңбегі мен азаттық жолындағы жазықсыз жапа шеккен қиын тағдыры жайлы тың деректер баяндалды. Шарада оқушылар Диас Русланұлы мен Ақниет Елемесов ақын Бүркіт Базарбаевтың «Ай сәулесі» атты кітабынан өлеңдер оқыды. Одан кейін қатысушыларға репрессия құрбандары туралы бейнематериал көрсетіліп, сол бір зұлмат жылдардың қазақ халқына тартқызған ауыр зардаптары кеңінен баяндалды.
Кеш соңында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрме ұйымдастырылды. Онда сталиндік репрессия құрбаны Ғабдолкәрім Қарабалиннің өмірбаяны, фотосуреттері мен мұрағаттық материалдары жұрт назарына ұсынылды. Бұл тарихи-танымдық көрме қатысушылардың ерекше ықыласына бөленді. «Ақтаңдақтар ақиқаты» атты тағылымды кеш – жастарға Қазақ елінің өткен ғасырдағы ең ауыр кезеңдерінен сыр шертіп, тарихи жадыны жаңғыртудың бірегей үлгісі болды.
Гүлжауһар МЕЙРАМҚЫЗЫ,
аудандық «Атамұра» мұражайының кіші ғылыми қызметкері