Жерошақтан шұбалған түтіні, көкірек кере жұтатын саф ауасы, ақ орамалды аналарымыздың жесе дәмі таңдайдан кетпейтін құрт-май, ірімшігі, бал татыған шұбаты - бұл әр қазақтың жүрек төрінде жаңғырып тұрар ауыл бейнесі. Ауыл- әр қазақтың алтын бесігі. Бүгінде ауданымызда 6 округ бар. Олардың сырт келбеті, дамыған инфрақұрылымы, сайраған жолдары мен мәдени-әлеуметтік нысандары еш қаладан кем түспейді. Әр ауылда жоғары сапалы интернет желісі бар. Елімізге танылған талай марқасқа ұлдар мен қыздар осы ауылдардан шыққан. Осындай киелі де қасиетті мекеннің бірі- Қосшағыл . Ол бір кездері аудан орталығы болған, тарихы тамыры тереңге тартқан өңір.
1938-1954 жылдары ауданымыздың орталығы Қосшағыл кенті болды
Іргесі 1926 жылы өзімен аттас мұнай кен орнын игеруге байланысты қаланды. 1934 жылы кентке айналды. Осы кезден бастап Қосшағылдың инфрақұрылымы қалыптаса бастады. 1935 жылы Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде 19 ұңғыма жұмыс істеді. 1938 жылдан 1954 жылдарға дейін аудан орталығы болды. ІІ-Дүниежүзілік соғыс кезінде Қосшағылдағы качалкалардан өндірілген мұнай майданға жөнелтілді. Мұнайдың әр тамшысы бір-бір оқ болып атылды. Кәсіпшілік пен ауыл соғыс жағдайындағы төтенше режимге көшірілді. Себебі фашистік десанттар мұндағы мұнай қорын жарып жіберуді көздеген еді.
Соғыстан кейін Қосшағыл мәдениет пен білімнің ошағы болды. Небір өнер майталмандары осы ауылдан шықты. Кейінгі кезде кен орнында мұнай қорының азаюына байланысты мұнай өндіру көлемі кеміді. Тұзы бетіне шыққан ақшағыл сор басқан мекенде сол тарихи жылдардан қалған ескі кен орындары әлі күнге бар. Мұнай өндіру цехы, су және мұнай айдау станциясы, орталық жылу қазандығы, наубайхана, телефон станциясы, қайта жаңғыртылып жөнделген мәдениет үйі, саябақтар, үлкен мектеп пен балабақшалар, екі қатарлы емхана, заманауи мейрамханалар, т.б. ғимараттар орналасқан. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлік дамыды. Қосшағылдан Қаратон к???? енті мен Теңіз кен орнына автомобиль жолы тартылған. Қазір ауылда тұратын халық саны - 4217 .
Жылыой ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен кент және ауылдық округтер арасында әр апта сайын «Ел ішіндегі өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» атты мәдени күндерін өткізу іс -шарасы бекітілді. Міне, осы мәдениет күндерінің көшін өткен аптада Қосшағыл округы бастады. Орталық сахна алаңына қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесі қойылды. Ондағы хас шеберлердің қолынан шыққан айшықты, оюлы асыл мұрамыз алыстан көз тартады. Тағы бір тұста ауыл шаруашылық өнімдері көрмесі ұйымдастырылды.
Өңірі қазынаға, өрісі малға толы Қосшағылда жезтаңдай әншілер мен балбармақ күйшілер, мың бұралған бишілер аз емес. Орталық сахнада ауыл өнерпаздарының концерты қойылды.
Қосшағыл ауылдық округінің әкімі Саян Бәселов мәдениет күндерін бастап отырған ауылдас өнерпаздарға, қала тұрғындарына жылы лебізін арнады. Қосшағыл ауылы - таланттылар мекені. Аудан көлемінде де өз өнерлерін паш етіп жүрген Ж.Имашев, Ж.Оңайбаев, Қ.Жұманова, Ж.Оңғарбаев,А.Орынбасарова,М.Оңайбаева сынды өнерпаздар бүгінгі кеш сахнасының сәні болды. Олар «Сағындым Қосшағылды», «Аққу арман», «Замандастарым», «Кең Жылыой»,«Жақсы адамдарым», «Кел,кел» атты сазды әндерді нақышына келтіре орындап, мың бұрала би билеп, көрермендерге көтеріңкі күй сыйлады. Көңілді іс –шараны қала тұрғындары мен қонақтары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, қызметкерлер тамашалады. Сол күні Құлсары қаласы тұрғындары өнер кешін қызыға тамашалады.
«Ел ішіндегі өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» атты мәдениет күндері қаламызда әр апта сайын өткізілмек.
С.БАҚТЫҒАЛИ