«Шапағат» халық емшілері мекемесінің аудандық филиалы директоры Маржан Есениязованың есімі Жылыой тұрғындары арасында кеңінен танымал. Өзінің бойындағы ерекше қасиетімен көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген емшінің тағайындаған емі – дертке шалдыққан талай науқастың құлан таза айығып кетуіне септігін тигізіп келеді. Шипа іздеп, алдына келген әр адамнан мақтау ғана еститін халық емшісінің еңбегі жоғары дәрежеде бағаланып, көптеген марапаттар мен алғысхаттарға ие болып үлгерді.
Қазіргі таңда Маржан Құбашқызының «Шапағат» ХЕМ директорының кеңесшісі және жауапты хатшысы лауазымын атқарып жүрген жайы бар. Одан бөлек, кейіпкеріміз «Жылыой ауданының Құрметті азаматы», «Халық медицинасының (емшілік) үздігі» атақтарын қажырлы еңбегімен иеленді.
Денсаулығында кінәраты бар үлкен де, кіші де Маржан Есениязовадай тәжірибелі емшінің алдына келіп, саулығын қалыпқа келтірді. Ол жүздеген дертке дауа болды, бойына біткен айрықша қасиетпен мыңдаған адамды ауруынан айықтырды. Жалғыз аудан тұрғындары ғана емес, есімі көпке танымал халық емшісін өзге өңірдің азаматтары да алыстан ат артып іздеп келіп, елдеріне ауруынан жазылып қайтады.
Тіпті, түскі ас мезгілінде де уақыт бөліп науқастарды қарай беремін. Өйткені, оларды түсінуге болады, алыстан келгені себепті, ұзақ күттірмей, тиісті емін жасауға тырысамын,- дейді ол.
Маржан Есениязова емшілік еңбек жолын 1993 жылдардан бастаған. 2014 жылы Жылыойда үш күндік Республикалық семинар-кеңес өткізіліп, онда емші қажылыққа сертификат ұтып алған екен.
Менің алдыма келетін науқастардың арасында қан қысымы, жүрек сырқаты дерттеріне шалдыққандар да көптеп кездеседі. Кейіпкеріміз ондай жандарды жұмсақ алақанымен сылап-сипап, тиісті емін беріп келеді.
Қант диабеті, құрт аурулары тағы да басқа ауру түрлерін халық еміне жатқызуға болмайды. Бұл аурулар тікелей білікті дәрігерлердің кеңесімен, берген емінің нәтижесінде жазылатын аурулардың түрлері,- дейді Маржан Құбашқызы.
Мақаламыздың басты кейіпкері – емші, Маржан Есениязованың бұған дейін жарық көрген «Ақ маржан» атты кітабы да бар екен. Ол Қазақстандағы халық медицинасының дамуына зор үлес қосып, кәсіби шеберлігін көрсеткені үшін «Кәсіби халық емшілерінің республикалық ассоциациясы» ҚБ-нің президенті әрі «Шапағат» халық емшілері мекемесінің құрылтайшысы, Халықаралық «Сократ» сыйлығының лауреаты Б.Нұржановтың Алғыс хатымен де марапатталған.
А.МОЛДАШЕВ