Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Наурызнама онкүндігін бекіткен болатын. Әр күнге арнайы тақырып беріп, ерекше тойлау көзделген. Ауданда да Көрісу күнінен бастап көптеген шаралар жүзеге асты. Соның бірі - аудандық Отбасын қолдау орталығында ұйымдастырылған 17 наурыздағы Шаңырақ күніне орай өткен “Отбасы – бақыт мекені” атты кездесу еді. Отбасы институтын нығайту, жас жұбайларға өнегелі жанұялардың өмірлік тәжірибесін үлгі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздеген дүйсенбідегі басқосудың берері мол болды. Әсіресе, жас отбасыларға айтылған ақыл-кеңестердің құндылығы жоғары.
Кездесуге ауданға белгілі ардагерлер Гайдар Арыстановтар, Ғабиден-Ажар жұбы қатысып, жастарға өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Ардагерлер өздері жүріп өткен жолдағы қиындықтар мен қуанышты сәттері жайлы әсерлі әңгімелер өрбітіп, жастарға отбасы беріктігі, сыйластық пен татулықтың маңыздылығы туралы өнегелі кеңестер берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов:
- Қазіргі жастардың ойлау жүйесі мүлде бөлек. Біздің кезіміздегідей емес. Қаншама қиындықты бастан кешсек те, бізде «бәріне бірге жетеміз» деген ізгі ниет болатын. Жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан отау иелеріне айтарым: сынаққа сынбай, керісінше сол қиын кезеңдерді қол ұстасып бастан өткеру керек. Сонда ғана жұбайлар бақыттың бал құшағында тербелмек. Ал, келіп жеткен жаңа жылымызбен барша отандастырымды құттықтаймын,-деді өз сөзінде.
Жас отбасылар да өз кезегінде ардагерлерге алғысын айтып, осындай шаралардың көптеп болуын сұрады. Кездесуді ауданымызға белгілі әнші Асқар Қоңыров "Жұбайлар жыры" әнімен әрлей түссе, ардагер Арыстановтар отбасы "Ғашықтар" әнін шырқап, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Шара соңында Отбасын қолдау орталығы атынан кездесуге қатысқан отбасыларға арнайы сыйлықтар табысталып, ардагерлердің ақ батасымен аяқталды. Осындай тағылымды кездесулер отбасы құндылықтарын насихаттауға, ұлттық дәстүрді ұлықтауға және жас отбасыларды қолдауға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. «Отан отбасынан басталады». Ендеше, шаңырақтар шайқалмай, шаттыққа тола берсін!