«Қырық жылда қазан жаңа, елу жылда ел жаңа» деген халық мәтелі тегін айтылмаса керек. Кеңес Одағы деп аталған алып мемлекетте өмірге келіп, соның ілім-тәлімі мен тәрбиесін алған, бұл күнде жасамыс жасқа келген аға ұрпақ өкілдерінің қызықты да қиын тағдырының өзі тағылымнан тұрады.
Иә, сол кезде «қызыл империя» делініп жүрген заманда адамдарға деген азды-көпті жайлылық, қамқорлық, мейірімділік болғанын ешкім жасыра алмас. Ең бастысы болашаққа деген сенім болатын. Адамдар асқақ армандар жетегінде алға ұмтылатын еді. Сол замандағы өскелең ұрпақ бұл мезгілде аға ұрпақ өкіліне айналды. Қоғамның формациялық ауысу кезеңдерін басынан кешірді.
Расында да, сонау ХХ ғасырдың 60-70 жылдарындағы жастар мәртебесі биік еді ғой, шіркін! Сол абыройлы шақтарын ауық-ауық еске алғысы келе ме, артта қалған қимас сағыныш сәттерін бөлісетін әр жылы орта мектеп бітірген түлектердің түрлі деңгейдегі кездесулерін ұйымдастыру қоғамға етене енді.
Осындай ғибратты кездесудің бірі «Ақындар ауылы» атанған Ақкиізтоғайдағы №10 Амангелді атындағы жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Онда 1975 жылы бітірген түлектердің 50 жылдан кейінгі басқосуы болды.
Сағыныш сазын тербеткен жарқын жүзді жүздесу аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың ескерткішіне тағзым етіп, гүл дестелерін қоюмен басталды. Артынша орталық мешітте өмірден өткен ұстаздар және сыныптастар рухына құран бағышталды.
Кездесу барысында толғаулы тілектер, сағынышты еске алулар, ақжарма армандар туралы жақсы лебіздер ақтарылды. Екі түрлі қоғамдағы өмірдің қиыншылықтары да айтылмай қалған жоқ. Түлектердің қоғамнан өз орнын таба білуі, туған жерге, елге деген перзенттік борышын адал өтегендігі көрініс тауып жатты. Сол кездегі ұстаздар қауымының қамқорлығы, шәкірттеріне деген шексіз мейірімділігі де үлкен тебіреніспен еске алынды. Әсіресе, сынып жетекшіміз болған Өтеген ағай Рахимовқа деген алғысымыз шексіз. Біздің үлкен өмірге қадам басуымызға дұрыс жол сілтеп, ақылын аямаған білікті ұстазымыз алдында бас идік. Айтпақшы, Өтеген ағайымыздың өзі де осы алтын ұямыздың тұңғыш түлегі, Ақкиізтоғай мектебін 1965 жылы алғаш бітірген оқушының бірі.
Амангелді мектебінен осы 1975 жылы қанат қаққан түлектер республикада алғашқылардың бірі болып елде мал шаруашылығын өркендетуге бастама көтерді. Сол кездегі «СОКП ОК-ның Қазақстанда қой санын 50 млн-ға жеткізу керек» деген қаулысын іске асыру мақсатында осы түлектерден қой шаруашылығын өркендету үшін комсомол-жастар шопандар бригадасы құрылды. Оған «Жеңістің 30 жылдығы» деген атау берілді. Осы бастаманы ұйымдастыруда да Өтеген Рахимов ағайдың еңбегі зор болды.
Бұл бір жалпылама негіздегі басқосу емес, рухани мәнді, мағыналы, тәрбиелік тағылымы мол кездесу ретінде есте қалды. Қазір кейбір осындай шаралар ат шаптырып, атан оздырып, үлкен шоу түрінде өткізілуде. Әрине, бұл әркімнің өз шеңберінде ғой, десек те, той мен топырдан көз аша алмай жатқан заманда мұның өзі кейде артықтау сияқты болып көрінеді. Жалпы болашақта түрлі қоғамдық кеңестермен немесе жергілікті қауымдастықтармен ақылдасып, осындай ізгі шараларды халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына көмектесу мақсатында өткізген дұрыс болар еді.
Әлімберді Нәрікұлы,
газеттің штаттан тыс тілшісі