Бірнеше жыл бұрын Құлсары қаласындағы Махамбет даңғылы бойына жаңадан асфальт жол төсеу жұмыстарын жүргізе бастаған мердігер мекеменің жұмысы сапасыз болып, тоқтатылған болатын. Арада біраз уақыт өткен соң даңғылға жол құрылысы қайта қолға алынып, халық бір қуанып қалған еді.
Иә, бұған дейін ойдым-ойдым жол әлеуметтік желілердегі көпшіліктің талай сынына да қалған болатын. Сапасыз жолға аудан тұрғындары наразы болғаны соншалық, «шұрқ-тесік жолдан гөрі қара жол жақсы ма деп қаласың» десетін олар. Пандемияның салдарынан көптеген жобалар тоқтап қалған себепті де, жол құрылысы жұмыстары уақыттың еншісіне қалған-ды. Өткен жылдан бері орталық көшенің жолдары қайта жөнделе бастады.
Осы орайда айтқымыз келгені, қаламызда күрделі жөндеуді талап ететін көше жолдары көп. Соның бірі - орталық Махамбет даңғылы бойы мен А.Завершинский көшесі қиылысатын бұрылыс. Асфальт жолдан А.Завершинский көшесіне көлігіңізбен бұрылған бойда көлемі үлкен шұрқ-тесік жерге тап бола кетесіз. Бұл жермен автокөлік түгілі жаяу адам да сүрініп, өте алмайды. Жаңбырлы күні шұрқ-тесік жолдарға жаңбыр суы толатындықтан көлік жүргізушілері байқамай, көліктеріне зақым келтіріп алып жатады. Арасында жолаушы тасымалдап күнкөріс қамымен жүргендер де бар. Құлсарылықтар күнделікті өтіп жүрген жолдардың шұрқ-тесік тұстарын «жаттап» алған, ал басқа қала немесе ауылдық округтерден келген жүргізушілер жаңбырлы күні су мен батпаққа толған шұрқ-тесіктерді көрмей ыза болып жатады. Кейде автокөлік иелері жолдың нашар бөлігінен қашамын деп қарама-қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғаларын жасап, өзге жүргізушілер мен жаяу адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатады.
Қаламызда жоғарыда айтылған даңғылдан бөлек басқа да көшелердің шұрқ-тесік жолдары көп. Алайда кейінге қалып, шешімін таппай, қала тұрғындарының ренішін туғызуда. Осыған жауапты орган, мекеме басшылары тиісті көңіл бөліп, шешімін тапса дейміз.
А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ