Кітапханашылар өздері ұйымдастырар шараны тек кітапханадан шықпай, руханият ордасының ішінен өткізеді десеңіз қателесесіз. Олар балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасау үшін кейде оқу ордаларына аяқтай барып та әсерлі кештің ұйтқысы болады. Отан қорғаушылар күніне орай қаладағы № 20 мектептің 9-сынып оқушыларымен өткен «Ерге тән қасиет» тақырыбындағы патриоттық – тәрбиелік кеш – дәл соның айғағы.
- Кештің мақсаты: оқырмандардың туған елге, туған жерге деген махаббатын ояту, отансүйгіштікке баулып, өскелең ұрпақтың бойына патриоттық рух дарытып, рухани тәрбие бере отырып, Отанын қорғауға, тарихи танымдық әдебиеттерді оқуға шақыру,-дейді аудандық балалар кітапханасының балалармен жұмыс жөніндегі әдіскері Бөбек Садықова. Кешті ашқан Бөбек Лауадинқызы оқушыларды 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, бұл күннің бекітілу тарихымен таныстырды. 9 мамыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, 31 мамыр – Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу күні, жалпы тарихи оқиғалар бір – бірімен сабақтасып жатқандығын жеткізді. Еліміздің егемендік алуы жолында небір оқиғаларды бастан кешкен ата - бабамыздың ерен ерліктері мен ізгі істері жайлы баяндап берді. Оқушы оқырмандардың тарихи оқиғаларды, қазақ елінің батырлары туралы қаншалықты жақсы білетінін анықтау мақсатында «Сіз қазақ батырларын қаншалықты танисыз?» атты сауалнама да жүргізді. Ондағы берілген: «Қанатты қыз» атанған қазақтың батыр қызы? Қай батырдың есімі эпостық жырда кездеспейді? Қай батыр Ұлы Отан соғысына қатыспаған? Ұлы Отан соғысы кезінде Талғат Бигельдинов мінген ұшақты қалай атаған?» деген секілді басқа да көптеген сұрақтарға оқырмандар Әли Нұрбек, Арайлым Нұрлықызы, Мансур Нұрлыбекұлы толықтай дұрыс жауап берді. Бауыржан Момышұлының ерлік, батырлық туралы дәйек сөздері мен нақылдары оқылып, мағынасы түсіндірілді. Кеш соңында сынып жетекшісі Сәрегүл Абатқызы мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнагүл Өтешова кітапхана жұмысына сәттілік тілеп, алдағы уақытта да көпшілік шараларды бірлесіп өткізуге дайын екендігін жеткізді.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ