Қазіргі уақытта барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен өз құзыреті шегінде күрес жүргізеді. Бұл заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіптен Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін тиісті түрде қамтамасыз етуді көздейді.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына қарсы әрекет ету мақсатында, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі бағдарламаны орындау және сапалы іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын" әзірледі. Бұл стратегия жоғары тиімді салық қызметін құру бойынша жағдай мен перспективаларды бағалауға негізделген.
Стратегияның негізгі мақсаты - мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіру. Қазақстан Республикасының салық қызметін дамыту стратегиясы мен салық органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясын іске асыру мынадай негізгі үш бағыт бойынша жүзеге асырылады:
1. Бюрократиялық кедергілерді болдырмау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін сақтау;
2. Электрондық салық қызметінің санын ұлғайту жолымен мемлекеттік кірістер органы қызметкерлерінің салық төлеушілермен байланысын азайту;
3. Еңбек жағдайын жетілдіру, мемлекеттік кірістер органдары қызметкерінің жалақысын арттыру және олардың кәсіби деңгейінің өсуін ынталандыру мақсатында сыйлықақы берудің икемді жүйесін әзірлеу. Бұл сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады. Стратегияда қолданылатын шаралар қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Атап айтқанда, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы айтарлықтай артты, іс жүзінде барлық қызметтер заңмен белгіленген мерзімде көрсетіледі, ұсынудың барлық кезеңінде олардың ашықтығы қамтамасыз етілді.
Азаматтардың мемлекеттік жүйеге деген сенімсіздігі сыбайлас жемқорлықтың өз ұстанымында нығайту арқылы әрбір жаңа қадаммен күшейе түсуде. Бұл мән-жайлар азаматтардың өздерінің бойындағы сыбайлас жемқорлыққа бейім мінезқұлқының қалыптасып, соны жасап алып, мойындамауы қиындата түсуде. Өйткені олар өз әрекеттерін қылмыс, әсіресе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы деп есептемейді. Өз кезегінде, осы проблеманы шешу үшін азаматтар мен мемлекет өкілдерінің екі жақты қатысуымен түсіндірме жүргізу қажет. Онда лауазымды адамды сатып алу да қылмыстық жауапкершілік пен жазаға тартылатын әрекет екенін ұғындыру өте маңызды.
Қорытындылай келе айтарымыз: жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелі және басқару құзыреті тиімді болу үшін қоғамның өзі, әрбір азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруы керек. Бұл бағытта Жылыой ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында салық қызметкерлері арасында техникалық оқулар мен түсіндірмелер жүргізіп тұрады.
Гүлжамиға ЫСҚАҚОВА,
аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының
салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бас маманы