Қазақстан Республикасының Президенті сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер ретінде атап көрсетіп, оны түбегейлі жою – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін айқындады.
Бұл спорт саласына да толықтай қатысты. Себебі спорт – әділдік пен тазалықтың символы. Егер спорттағы жетістік әділ бәсеке, адал еңбек арқылы келсе ғана шынайы құндылыққа ие болады. Спортшы алаңда қандай таза күрес көрсетсе, мемлекеттік қызметші өз ісінде сондай әділ әрі ашық болуы тиіс.
Атырау облысында бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдердің спортқа қолжетімділігін арттыруға, спорт инфрақұрылымын нығайтуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы мемлекеттік қаражат арқылы жүзеге асады. Сондықтан әрбір тиынның тиімді жұмсалуы – біздің ұжымның басты назарында. Ашық бюджет, қоғам алдындағы есептілік, мемлекеттік сатып алулардың әділ жүргізілуі – жемқорлыққа қарсы саясаттың нақты көрінісі.
Сондай-ақ, спорт саласында қызмет атқаратын жаттықтырушылар мен мамандар да әдеп нормаларына сай жұмыс істеуі керек. Балаларға үлгі болатын тұлғалар бірінші кезекте адалдықты, тәртіпті, еңбекқорлықты дәріптеуі тиіс. Спортшының болашағы жаттықтырушының кәсіби шеберлігімен қатар, оның адамгершілік бейнесіне де байланысты.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес тек қана мемлекеттік аппаратта емес, жалпы қоғамда мәдениетке айналуы қажет. Бұл тұрғыда спорт саласының тәрбиелік рөлі өте жоғары. Әрбір жас спортшы – тек чемпион ғана емес, сонымен бірге әділдікті ту еткен азамат болып қалыптасуы керек.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексін ұстану, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту – тек мемлекеттік аппараттың ғана емес, жалпы қоғамның, соның ішінде спорт саласының да дамуына жол ашады. Әділдікке негізделген мемлекет пен таза спорт – біздің болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Нұрбол Сыдықов,
Атырау облысы Дене шынықтыру,
спорт және туризм басқармасының басшысы