«SUMMER FESTIVAL» бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Өткен сенбі күн жылыойлық бүлдіршіндерге естен кетпес мерекелік көңіл-күй сыйлады. Оған «Жүректен жүрекке» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Құлсары қаласындағы «Шаңырақ» мейрамханасында өткен «Summer festival» атты жазғы балалар фестивалі себеп болды.

Фестиваль мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балаларға айрықша көңіл бөлу және шығармашылыққа бау- лып, көңіл-күйін көтеру. Сондықтан да «Шаңырақтағы» шат-шадыман шараға аудандағы 12 мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін, Қосшағыл ауылында орналасқан интернаттың тәрбиеленушілері мен әлеуметтік осал санаттағы балалар шақырылды. Шараға «Теңіз жүрегі» жобасының жетекшілерімен бірге аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова да қатысты.

Іс-шара «Теңіз жүрегі» атты корпоративтік волонтерлікті дамыту жобасы аясында болды. Бұл жоба «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен жыл сайын жүзеге асады. Онда осы тектес жазғы фестивальдер, сондай-ақ «Шаңырақ» балалар ауылында, Жасөспірімдер үйінде тұратын балаларға арналған ай сайынғы шығармашылық іс-шаралары өткізіледі. Жазғы фестиваль аясында балалар қызықты шеберлік сабақтарына қатысты. Нақтырақ айтқанда, арт-терапиямен айналысты, слайм әзірлеп, әдемі білезіктер мен брошьтар жасады. «Теңіз жүрегі» жобасының еріктісі Балжан Қуатова:

-Бүгінгі шарада балалардың шығармашылық қабілетін дамытып, кеудеге тағатын брошьтар жасадық. Осының өзі кішкене бүлдіршіндерге зор қуаныш сыйлады, - десе, ерікті Дарын АЙСЕЕВ:

-«Жүректен жүрекке» және «Теңіз жүрегі» қоры ауданда осындай іс- шара ұйымдастырып, балаларға керемет көңіл-күйі тарту етті. Болашақта да осындай шаралар көп болса деп тілеймін – деді.

Жоба координаторы Гаухар НАУАРОВА болса:

-Бұл – балалар үшін аудандағы ауқымды іс-шара өткізудегі алғашқы тәжірибеміз. Бүлдіршіндер жүзіне күлкі, көңіліне шаттық сыйлау біз үшін зор қуаныш болды. Мұндай фестиваль олар үшін өте маңызды. Өйткені, фестиваль шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, әлеуметтенуге, өздері секілді өзге балалармен араласуға, жаңа достар табуға көмектеседі. Біз оларға өз-өздеріне сенімді болуға және шығармашылық әлеуетін ашуға көмектесеміз, - деп өз ойымен бөлісті.

Ал ата-аналар өз балаларының дамуына және іс-шарада жағымды атмосфера құруға қосқан баға жетпес үлесі үшін еріктілерге шын жүректен алғыс сезімін білдірді. Фестиваль соңында барлық балалар арнайы сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ж.ШАҢҚАНОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521