Суицид туралы айту неге маңызды?

Суицид айтуға ауыр, бірақ айналып өтуге болмайтын тақырып. Соңғы жылдары өмірден түңілу, күйзеліс, ішкі жалғыздық мәселелері жиі қозғала бастады. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы суицид қоғамды алаңдатпай қоймай отыр. Бұл дерттің қаншалықты ұлғайғанын көрсететін деректер де жетіп жатыр. Әлемдік статистика бойынша әлемде әрбір қырық секунд сайын бір адам өз еркімен өз өмірін қияды, яғни бұл жалғаннан бас тартады екен. Жыл сайын әлемде осындай миллионға жуық суицид оқиғасы орын алады. Мұндайда алдын алу, дер кезінде көмек көрсету, психологиялық және әлеуметтік қолдау тетіктерінің маңызы ерекше. Себебі көп жағдайда адам өз ішіндегі күйзелісті дауыстап айта алмайды, ал оның жанайқайын дер кезінде есту – үлкен жауапкершілік. Осы өзекті мәселені тереңірек түсіну, суицидтің алдын алуда медициналық және психологиялық қызметтің рөлі қандай, ауданымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сауалдарға жауап алу мақсатында аудандық орталық емхананың Алдын алу, психологиялық және әлеуметтік бөлім меңгерушісінің уақытша міндетін атқарушы Айқынбекқызы Әйгеріммен әңгімелескен едік. Маманмен өткен сұхбат барысында суицидке итермелейтін негізгі себептер, қауіп тобындағы азаматтар, ата-ана мен қоғамның жауапкершілігі, сондай-ақ алдын алу шаралары жайында кеңінен сөз қозғалды.

– Әйгерім Айқынбекқызы, суицид мәселесі не себепті әлі де қоғам үшін аса өзекті болып отыр?

– Иә, өкінішке қарай, жылдар өткен сайын бұл мәселе өзектілігін жоймай отыр. Жалпы республика және әлемдік деңгейдегі статистикаға назар аударсақ, суицид көрсеткіштері қоғамдағы әлеуметтік, психологиялық және экономикалық тұрақсыздықпен тікелей байланысты екенін көреміз. Бұл жеке адамның емес, тұтас қоғамның ішкі күйінің айнасы деуге болады. Әрине, аудандық деңгейдегі нақты цифрлар қызметтік және этикалық талаптарға байланысты жарияланбайды. Дегенмен, маман ретінде айтарым ауданымызда суицид пен суицидтік мінез-құлық фактілері жоқ емес, керісінше, бұл жағдай бізді қатты алаңдататындай деңгейде кездесіп отыр. Әсіресе қауіп тобына жататын жасөспірімдер мен еңбекке қабілетті жастағы азаматтар арасында мұндай жағдайлардың тіркелуі – аса қорқынышты үрдіс. Бұл нені көрсетеді? Біріншіден, адамдардың ішкі күйзелісінің артқанын. Екіншіден, психологиялық мәселелерді дер кезінде айту мен шешу мәдениетінің әлі де толық қалыптаспағанын аңғартады. Көпшілік жан дүниесіндегі ауыртпалықты соңына дейін жалғыз көтеруге тырысады. Ал бұл – ең үлкен қателік. Суицид бір күнде пайда болатын ой емес, керісінше ұзақ уақыт бойы жиналған күйзеліс, үмітсіздік, жалғыздық сезімінің нәтижесі. Егер сол кезеңде адамға қолдау көрсетілмесе, жайсыз жағдай орын алуы әбден мүмкін. Сол себепті бұл мәселе қоғам болып дабыл қағуды қажет ететін деңгейге жетті деп ашық айтуға болады. Ал бұл дабылға бейжай қарау болашақта одан да ауыр салдарға әкелуі мүмкін. 

– Суицидке бейім адамның сыртқы мінез-құлқынан қандай белгілерді байқауға болады? Кейбір адамдар суицидке барғысы келетінін айтып қорқытады, бірақ шын мәнінде бармайды деген пікір бар. Бұл қаншалықты дұрыс? 

– Өз-өзіне қол салуға бейім адам бұл ойын әрдайым ашық айтпауы мүмкін. Бірақ мінез-құлқында өзгерістер міндетті түрде байқалады. Мысалы, бұрын белсенді болған адамның кенеттен тұйықталуы, өмірге қызығушылығының жоғалуы, ұйқысының бұзылуы, үнемі шаршаңқы жүруі, бәрі де дабыл белгілері. Сондай-ақ «менсіз де өмір жалғасады», «мен ешкімге керек емеспін» деген сияқты сөздер айтуы да аса қауіпті. Мұндай кезде жақындарының мұқият болып, уақытылы әрекет етуі өте маңызды. Әсіресе бұл жағдайлар жасөспірімдер арасында жиі кездесіп жатады. Сондықтан ата-аналар да ертерек дабыл қағып, балаға психолог мамандармен жұмыс жасау қажет екендігін ескерсе екен деймін. Ал кейбір адамдар суицидке барғысы келетінін айтып қорқытады. Бұл – ең қауіпті стереотиптердің бірі. Суицид туралы айтқан әр адамды міндетті түрде байыппен қабылдау керек. Адам өз ойын сөзбен жеткізсе де, бұл көмек сұраудың бір түрі. «Айтып жүр, демек істемейді» деп елемей қалу ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мәліметтерге сүйенсек, суицид жасаған адамдардың басым бөлігі бұған дейін өз ойын жанама немесе тікелей түрде білдірген. 

– Сіз айтып өткендей, жасөспірімдер арасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Неге кей жастар мұндай қадамға барады? 

– Иә, өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Көбіне балалар өз ішкі күйзелісін ешкімге айтпай, эмоциясын жасырады. Олар мұны өздерінің жеке мәселесі деп санайды, кейде қорқады немесе ұялады, кейде өз сезімдерін бөлісуге мүмкіндік беретін адамды көрмейді. Сол себепті кейбір жасөспірімдер өмірін қатерге тігуге дейін барады. Мектеп, колледждерде психологтар тарапынан және құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе отырып профилактикалық жұмыстар жүргіземіз: семинарлар, тренингтер, психологиялық сағаттар ұйымдастырамыз. Бұл шаралар балаларға өз ойларын айтуға, сезімін бөлісуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай кездесулер ата-аналарға да бағытталған, өйткені олар өз баласының психологиялық жағдайын дұрыс түсініп, қолдау көрсетудің жолдарын білуі қажет. Көбінесе проблеманы байқап қалған ата-аналар баласын арнайы маманға әкеледі яғни біздің аудандық емханаға. Психолог мамандар балалармен жеке жұмыс істеп, олардың ішкі сезімін тыңдап, дұрыс бағыт беруге тырысады. Балалар көбіне өз сезімін ашуға дайын болмағандықтан, ата-ананың қолдауы мен мамандардың кәсіби көмегі өте маңызды. Мұндай алдын алу шаралары олардың психологиялық денсаулығын сақтауға, өмірге деген сенімін арттыруға, әрі қауіпті шешімдерге жол бермеуге бағытталған. Сондықтан мектептердегі семинар-тренингтер, ата-ананың қатысуы және емханадағы мамандардың кәсіби көмегі бірігіп, жасөспірімдерге өмірді бағалауға мүмкіндік береді. 

– Ата-ана баласының күйзелісін қалай уақытында байқай алады?

– Ата-ананың баласының ішкі күйзелісін уақытында байқауы өте маңызды, өйткені кейде балалар өз сезімдерін сөзбен білдіруге қорқады немесе ұялады. Ең алдымен, ата-ана баласымен күнделікті әңгімелесіп, оның көңіл-күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият болу керек. Мысалы, бұрын белсенді, көңілді бала кенеттен тұйықталып, сабаққа қызығушылығы азайса, достарынан оқшауланса немесе ұйқысы мен тамақтануында өзгеріс байқалса, бұл алғашқы дабыл белгілері болуы мүмкін. Сондай-ақ ата-ана баласының эмоциялық сигналдарына назар аударуы қажет. Мектептегі психологпен немесе біздің емхананың психолог мамандармен тұрақты байланыс жасау да маңызды. Ата-ана баласының көңіл-күйіндегі өзгерістерді маманмен бөлісе отырып, дұрыс бағалау ала алады. Сонымен қатар балаға ашық сұрақтар қойып, оған өз сезімін айтуға мүмкіндік беру, «сен жалғыз емессің» деген қолдау көрсету өте маңызды. Көрінісі кішігірім болса да, мұндай назар мен түсіністік көп жағдайда күйзелісті жеңілдетіп, қауіпті шешімдерге жол бермеуге көмектеседі.Ең бастысы – үнсіз қалмау. Баламен ашық сөйлесу, оның ішкі әлемін тыңдау және кәсіби көмекке уақытылы жүгіну ата-ана үшін міндетті және өмірді сақтайтын шешуші әрекет болып табылады. 

– Суицидке қатысты қоғамда қандай қате түсініктер жиі кездеседі?

 – Ең кең тараған қате түсінік «суицидке тек психикалық ауру адамдар барады?» деген пікір. Бұл дұрыс емес. Суицидке кез келген адам белгілі бір өмірлік дағдарыс кезінде баруы мүмкін. Тағы бір қате пікір – «уақыт бәрін емдейді». Иә, уақыт көмектеседі, бірақ кәсіби қолдау болмаса, кейбір жара өздігінен жазылмайды. Сондықтан психологқа, психиатрға жүгіну – қалыпты әрі қажетті қадам.

– Қорытындылай келе, оқырманға, әрқайсымызға, қиындыққа тап болған адамға қалай қолұшын созу керегін айтсаңыз және маман ретінде өз кеңесіңізді айтып өтсеңіз?

 – Ең бастысы – үнсіз қалмау. Қарапайым қолдау, жылы сөз немесе жанашырлық әрекет кейде адамға өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Бұл қолдау тек ата-аналарға ғана емес, достарға, мұғалімдерге, әріптестерге де қатысты. Бірге болу, тыңдау, түсіну – осының бәрі адамның өз сезімін ашып, үміт табуына мүмкіндік береді. Қиындыққа тап болған адам көбінесе қорқыныш, ұялу немесе өз мәселесін басқаларға жүктегісі келмеу сияқты сезімдерге байланысты көмек сұрамайды. Сондықтан біз, ересектер, олардың жанында болуды, кішігірім өзгерістерге назар аударуды үйренуіміз керек. Мысалы, бұрын белсенді бала кенет тұйықталып, сабаққа қызығушылығы азайса, достарынан оқшауланса немесе ұйқысы мен тамақтануында өзгерістер байқалса, бұл бірінші дабыл белгілері болып есептеледі. Мұндай белгілерді байқаған жағдайда ашық сұрақтар қою, жылы сөйлесу және кәсіби маманға бағыттау өте маңызды. Маман ретінде кеңесім: кез келген өзгеріс пен дабыл белгісін елемей қалмай, уақытылы әрекет жасау керек. Балалар да, ересектер де психологиялық қолдауды қажет етуі мүмкін және бұл әлсіздік емес, керісінше өмірді бағалаудың белгісі. Кәсіби көмекке жүгіну, психологтармен немесе мамандармен жұмыс істеу балалар мен ересектердің психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, оларға қиындықты жеңуге, өз сезімін бөлісуге, әрі қауіпті шешімдерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Аудандық орталық емханасы үздіксіз жұмыс жасап, мұндай көмекке жүгінген әр адамға кәсіби қолдау көрсетеді. Егер сізде немесе жақындарыңызда қиындық болса, үндемей қалмаңыз, көмек сұраудан тартынбаңыз. Бір ғана қолдау, бір ғана тыңдаушы, бір ғана дұрыс кеңес кейде адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан әрқайсымыз жанымыздағы адамдарға назар аударып, олардың өміріне қамқорлықпен қарауымыз қажет.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT