Сұлулық символы


Дүйім дүние көз тіккен Құрманғазы ауданындағы тұңғыш рет ұйымдастырылған «LOTUS FEST – 2025» фестивалі, расында да, Қазақ елі табиғатының таңғажайып құбылыстарын жарты әлемге паш еткен керемет мерекеге айналды. Қиғаш бойындағы лотос гүлінің ерекше сұлулығына арналған салтанатты сәттердің алғашқы ашылуы туралы құрманғазылық әріптестеріміз өз әсерімен бөліскен еді.

Өзінің әсем табиғатымен талайды тамсандырған Құрманғазы ауданы туристік бизнесті дамытуға ең бір қолайлы жер саналады. Бұрындары әлемнің әуесқой балықшы - аңшыларын Қиғаштың сәні мен нәрі болған балығы мен аң-құсы қызықтырып келсе, кейінгі кездері еліміздің осы өлкесінде ғана өсетін лотос гүлі сұлулыққа тамсанатын жандардың талайының көз құртына айналды.

Бүгінде мұнда алыс-жақынды шетелден, еліміздің өзге де өңірлерінен келушілер қатары көбейді. Туристерді тарту, сервистік қызметті жақсарту мақсатында шамгүлімізді шартарапқа паш ететін имидждік шара ұйымдастыру бұдан екі жыл бұрын ойластырылған болатын. Енді міне, суымыздың сұлу гүлі – лотос алқабына бірыңғай жақын орналасқан Теңіз ауылында алғаш рет халықаралық «Lotus Fest – 2025» фестивалі дүркіреп өтті.

Шілденің соңғы сенбісіне белгіленген сұлулық символының мерекесі лотос алқабын тамашалаумен басталды. Таң алакеуімнен қайықшылар туристерді бес адамнан су бойымен тасып, қызметін көрсетті. Гүлді алқапты арнайы дайындалған жүзбелі көпір үстінде тамашалап, фотоға түсіп, хош иісімен тыныстап, бір жасарып қалғандай әсер алды. Жолының өзі барып-келуімен екі сағаттай уақытты алатын сапарға шыққандар саны бұл күні шамамен 5000-нан асып жығылғанын айтады.

Халықаралық фестиваль өтетін алаңға бірнеше ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, әсем сахна, тақырыптық фотозоналар қойылды. Шара аясында ұйымдастырылған ұлттық қолөнер шеберлерінің, жас суретшілердің көрмесі туристер мен ауыл адамдарының ерекше қызығушылығын туғызды. Гастрономиялық жәрмеңкеде ауданымыздан – 25, облыстың өзге өңірлерінен – 10 және көршілес Ресей Федерациясынан 3 кәсіпкер қазақтың дәстүрлі тағамдары, кәуап және түрлі тіскебасарлар ұсынып, фестиваль қонақтарына жергілікті дәм мәдениетін сезінуге мүмкіндік берді. Бұл жәрмеңке өңірдің туристік әлеуетін арттырып, этнотуризмді дамытуға тың серпін бергені анық.

«LOTUS FEST – 2025» мәдени-туристік фестивалінің салтанатты ашылуының ресми бөлімінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, облыс әкімі Серік Шәпкеновтің құттықтау лебізін жеткізді.

– Фестивальдің негізгі мақсаты – өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау және туризмді дамыту. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу жоспарда бар. Бүгінгі фестивальді өңіріміздің туристік әлеуетін көтеруге бағытталған бастама деп түсінеміз. Алдағы уақытта туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға атсалысу арқылы аудан, ауыл тұрғындары бір жағынан өз отбасына кіріс кіргізе алады. Шет елден, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қызмет көрсету арқылы өңірдің экономикасының дамуына үлестерін қосады. Айта кетерлігі, Қазақстанда лотос табиғи жағдайда тек Қиғаш өзенінің сағасында – Құрманғазы ауданы аумағында ғана өседі. Сондықтан бұл фестиваль ел ауқымындағы ерекше әрі бірегей оқиға болып саналады,-деді Дарын Дүйсенбайұлы. Сондай-ақ, өз сөзінде таңнан бері гүлдеген лотостың сұлулығын көруге 3000-нан астам турист келгенін, олардың қатарында еліміздің батыс өңірлерінен және көршілес Ресей Федерациясынан келген меймандар барын атап өтті.

Мәдени-көпшілік шаралармен қатар бөлек алаңқайда ат үстінде серуендеу, садақ атып үйрену сияқты қызметтер ұйымдастырылды. Қол күшін сынасудан, асық атудан, қазақ күресінен спорттық сайыстар өтті. Жиырма төрт құрыш білек армрестлингші жарыс жолына шығып, өзара мықтыны анықтады. Қолының қаруы қатты небір мықтылардың жан алысып, жан беріскен текетіресі орын алды. Ұлттық ойынымыз асық ату да алқалап отырған тамашалаушыларды тәнті етті. Сақаларын оңды-солды шиырып атып, ортаға тігілген асықтарды дәл көздеуге тырысқандардың мергендігі мен ептілігі ешкімді бейжай қалдырмады. Қазақ күресі қашанда ерекше қиқумен өтетіні белгілі. Бұл жолғы белдесулер екі салмақ дәрежесіне қарай өткізілді. Біріншісінде 80 келіге дейінгілер арасында 18 үміткер өгіз балуандық, сексеннен асатын 10 спортшы түйе балуандық атақты сарапқа салды. Шекеден шақырайған күннің, табан қарыған татамидың ыстығын елемеген ығай мен сығайлар боз кілемнің шаңын қақты. Доданың дүбірін естіген Атырау қаласының, Махамбет, Индер ауданының қазақ күресі шеберлері ниет білдіріпті. Мықтылардың арасынан белгілі балуан, самбодан спорт шебері Бекболат Салықовтың шоқтығы биік болып жеңімпаз атанғаны атап өткен абзал. Садақшылар сайысында спортшылар жамбы мен нысананы дәл көздеп мергендік танытты. Арқан тартыс жарысына да 30-ға жуық спортшыдан құралған алты команда көрермендер алдында мықтылық пен ептіліктің үздік үлгісін көрсете білді.

Фестиваль аясындағы алыптар аламаны да өте тартысты өтті. Күш пен төзімділікке негізделген бұл жарысқа шойын денелі 11 сайыпқыран қатысып, сайыстың жеті түрінен күш сынасты. Экстремальды спорт түрінің шебері, жерлесіміз Ерсейіт Бралин шыққан сайын жұртшылық ерекше ықыласын білдіріп отырды. Жарыс жеңімпазына қыркүйек айында Алматы қаласында өтетін «Ақбидай» республикалық жарысына жолдама берілді.

Фестиваль аясында Астрахань облысынан келген Құрманғазы атындағы Өңірлік мәдениет орталығы қонақтарға мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ жергілікті әртістердің қатысуымен театрландырылған көріністер қойылып, танымал би топтарының өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ауыл адамдары мен шара қонақтарына ерекше қуаныш сыйлаған фестивальдің алғашқы күні гала-концертпен аяқталды. Астрахань облысынан келген Құрманғазы атындағы өңірлік мәдениет орталығы, жергілікті өнерпаздар мен кеш қонағы эстрада жұлдызы Ғазизхан Шекербеков қонақтарға концерттік бағдарлама ұсынды.

Ашық аспан астында өткен мерекелік гала-концерт отшашумен тәмамдалды.

 

Айнагүл ШАКУПОВА, Айбек НӘЖІМОВ, Құрманғазы ауданынан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT