Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі бар. Осы бір нақылды бір сәт те есінен шығармастан жанына жалау қылып, қызметіне деген құрметін алдыңғы орынға қоятын Әлішер Қанатұлы – жас болса да бас бола білген аға лейтенант. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы №30238 әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп жүр. Жігіттің жүрегін түкті, ерік-жігерін мықты ететін абыройлы әскери қызмет сапында жүрген жерлесіміз Әлішер Есмұқашев 2001 жылдың қыркүйек айында дүниеге келген. №21 жалпы орта білім беретін мектепті аяқтаған жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне заңгер мамандығына оқуға түсті. Алғашқы оқу жылында М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің әскери кафедрасында білімін жетілдіреді. Жоғары білім ордасының талабынан сүрінбей өтіп, әскери-патриоттық тәрбиені бойына сіңірген студент тәртібі темірдей мықты, жауапкершілігі жоғары азамат екенін көрсетті. Сөйтіп әскери кафедраны аяқтай салысымен «Запастағы лейтенант» атағын қатар алып шығады. Бұл оның әскери салаға қызығушылығын арттырған алғашқы қадамы еді.
- Оқуды бітіріп ауылға келгеннен кейін аудан әкімдігіне жұмысқа орналастым. Сол жылы маған аудандық қорғаныс істері бөлімінен екі жыл мерзімді әскери қызметке шақырту қағазы келді. Мен бұл ұсынысты өзіме келіп тұрған бір белгі деп қабылдап, біртұтас елдің айбынды азаматы болуға әрі бала арманымның орындалуына үлкен мүмкіндік екенін бірден ұқтым. Себебі мен кішкентайымнан әскери қызметші болуды армандаған едім. Міне, осылайша Ақтөбе қаласының №30238 әскери бөліміне табан тіредім. Бұл ортаға келгелі кез келген жағдайда сабырлық танытып, байыпты түрде шешім қабылдауды үйрендім. Және азаматтық жауапкершілігім бұрынғыдан да арта түсті. Алдағы уақытта да осы салада алар асуымның биік екеніне сенемін. Отан қорғаушылар мерекесі де келе жатыр. Осы тұста өз борышын адал атқарып, елдің тыныштығы мен амандығы үшін азаматтық борышын өтеп жүрген әріптестерім мен барша әскери қызметкерлерді айтулы мерекемен құттықтаймын. Отбасына амандық, дендеріне саулық тілеймін. Тәуелсіз елдің көк байрағы астында қызмет ету баға жетпес бақыт екенін естен шығармайық дегім келеді,-дейді Әлішер Есмұқашев.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру жөніндегі инспекторы Гүлжан Бақтығалиеваның сөзінше, ауданда осындай мерзімді әскери қызметте жүрген алты жігіт бар екен. Олардың көбі жоғары оқу орнында білім алып жүріп, ақылы түрде әскери кафедраның арнайы дәрісінен өткен. Ал «Отан алдындағы борышын өтеп келген сарбаздар арасында өмір жолын әрі қарай әскери салаға арнағысы келетін жастар саны санаулы-ақ» дейді ол. Десек те жас лейтенанттың жүрек түкпірінен шыққан әр сөзі сарбаздар мен әскери қызметке қызығатын жігіттердің бойындағы «нартәуекелін» оятары хақ. Себебі антына берік, қызметіне адал Әлішердей қайсар ұландар барда қазақ жерінің аспаны әрқашан ашық, дұшпаны қашық боларына сенеміз!
Д.ДЕРБІС