Шынайы мұсылмандықтың көрінісі

Әр мұсылманның жүрегінде қасиетті Қағбаны көру, Меккеге табан тіреу секілді аса ұлық арманы бар. Ал кіші қажылыққа (Умраға) аттану – сол арманға бастар рухани жолдың бірі.

Егер бұл сапар күтпеген жерден сыйлық ретінде бұйырса – бұл қуаныштың жөні бөлек, тым ғажап оқиға дерсің. Міне, бүгінде Жылыой жұртшылығы осы ғажайыпқа, ерекше тебіреніске куә болды. Иә, Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің тұрақты жамағаты, көп балалы отбасы иелері Берік Жайықұлы мен жұбайы Рысгүл Мұхамеджанқызына кіші қажылық сапарына жолдама табыстады. Осылайша Меккеге қасиетті сапарға аттану қарапайым отбасы үшін күтпеген сәтте келген үлкен қуаныш болды. Ал бұған себепкер болып, қасиетті мекенге бару мүмкіндігін атын атамауды өтінген ізгі ниетті кәсіпкер азамат тарту еткен. Игі іс мешіт жамағатының ортақ қуанышына айналды. Ұзақ жылдан бері мешітке үзбей келіп, діни амалдарын адал атқарып келе жатқан ерлі-зайыпты үшін бұл тосын сый жүректен жүрекке жеткен ерекше рухани қолдау болды.

Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Думан Мұратұлы бұл игі оқиғаға орай өз алғысын білдіріп, жамағат алдында жүрекжарды жылы лебізін жеткізді:

- «Иман — жүректе, ал жақсылық амалмен көрінеді. Берекелі қоғамды осындай үнсіз жасалған ізгі істер қалыптастырады. Мұсылман бауырларымыздың бір-біріне қолдау білдіруі - шынайы мұсылмандықтың көрінісі. Алла жолындағы әрбір қадам сауапқа толы болсын!»-деп, ризашылығын білдіріп, дұға жасады.

Мешіт ұжымы мен жамағат та кәсіпкер азаматқа алғыс айтып, отбасының аман-есен сапарға аттануын, кіші қажылықты толық өткеріп келуін, қажылықтың қабыл болуын тіледі. Бір отбасына сый болған бұл қасиетті сапар – жүректерге қуаныш, жамағатқа үлгі, қоғамға үміт сыйлады.

Иә, жақсылықты жария етпей жасау – имандылықтың белгісі. Ал шынайы иман мен адал жүректі ұштастыра білген жақсылық міндетті түрде жүректерге жетіп, көпке үлгі болары сөзсіз. Жақсылыққа бастайтын істер мен ізгі ниетті азаматтардың саны арта берсін!

Әйгерім Ғалымжан,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

журналистика факультетінің 2-курс студенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT