Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың штат саны 178 бірлікке, яғни 15%-ға оңтайландырылды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлан Ермаханбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифинг барысында мәлімдеді.
Жалпы, облыста 256 мемлекеттік органда 2663 мемлекеттік қызметші еңбек етеді, олардың 1489-ы жергілікті атқарушы органдарда қызмет атқаруда.
Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдардағы қызметшілердің сапалық құрамы бойынша 94,1%-ы жоғары білімді азаматтар (жоғары білімділер – 1402, орта кәсіптік білімі барлар – 87). Олардың қатарында «Болашақ» халықаралық стипендиясы мен ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерінің саны 30%-ға ұлғайған.
Есептік ақпараттарға сүйенсек, Академияны аяқтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүрген түлектердің үлесі екі есеге артқанын да байқауға болады (2021ж.-8, 2020ж.-3).
Атап өту қажет, облысымызда 66%-ы – әйелдер (1759), 34%-ы ер азаматтар (904) болып табылады, олардың ішінде жастардың үлесі – 20,1%.