Тамам жұртқа танымал талантты журналист Майя Бекбаеваның ұлтқа қызмет етуді көздеген берік ұстанымы бек ұнайды. Қазақтың қилы тарихын қозғаған, тұғыры биік тұлғаларымыздың тағдыры туралы тереңнен толғаған тұшымды телевизиялық туындылары көкірегі ояу көрерменнің көзайымына айналғалы қашан.
Талғат БАТЫРХАН
Бізді Майяның ақпарат айдынындағы әмбебаптығы еріксіз тәнті етеді. Жүйрік журналистігіне режиссерлігі мен продюсерлігі, әлеуметті баурар әртістігі қосылып қарындасымыздың қабілет-қарымын айшықтай түскендей.
Белгілі Бекбаеваның кейінгі кездері жазба журналистиканың да ауылына ат арқандап, тарихи-танымдық туындыларға бет бұрғанын жақсылықтың белгісі ретінде қабылдағанымыз жөн... Бағалы бастаманың алғашқы жоралғысы ретінде Жошы хан хақындағы елеулі еңбегі жақында оқырманға жол тартқанынан хабардармыз.
Елорданы елеңдеткен «Astana Eyrasian Book Fair-2025» халықаралық көрме-жәрмеңкесі аясында оның қазақ және орыс тілдерінде шыққан «Қазақстан: жеңіске қосқан үлесі. 1941–1945» атты альбом-кітабының беташар рәсімі болды. Автордың айтуынша «Бұл кітап Отанын қорғаған, тылда еңбек еткен, болашақ ұрпақ үшін өздерін құрбан еткен батырларға арналған естелік».
Адамзат тарихындағы ең алапат қырғын – Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақстандықтардың қатысуы – таусылмайтын тақырып. Қаншама кино түсіріліп, әдеби-көркем шығармалар жазылды. Есебіне жету еш мүмкін емес. Майяның мына кітабы да телегей теңізге қосылған бір тамшыдай тәбәрік дүние екені талассыз.
Мұнда негізінен кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстағы жерлестеріміздің өшпес ерлігі баяндалады. Нақтылай түссек, ел басына екіталай күн туғанда қайсарлық пен қаһармандықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Рақымжан Қошқарбаев, Мәншүк Мәметова, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов секілді батырларымыздың өнегелі өмір жолдары публицистикалық пафоспен өріледі. Деректер мен дәйектер, сирек кездесетін суреттер, майданнан жолданған мәнді хаттар кітап құндылығын арттырып тұрғаны анық.
Айтпақшы, аталған кітап «Arman – pv» baspasy» Майя Бекбаевамен бірлесіп қолға алған «Тарих тағылымы» жобасы аясында жарық көріп отыр. Идея авторы – осы баспаның бас директоры Дидара Алина.