Шектеуді бұзған шабыт

Әлемде шекара жоқ. Шынайы өнер мен жүрек жылуы ешқандай кедергіге мойымайды. 

Осыны дәлелдеген ерекше жандардың қуанышы мен талантына жол ашу мақсатында облысымызда тың бастама жүзеге аса бастады. «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен қолға алынған «Шектеусіз шығармашылық» инклюзивті жобасы – мүмкіндігі шектеулі жандарға өз өнерін көрсетіп, қоғамға жаңа қырынан танылуға зор мүмкіндік беретін игі қадам.

Бүгінде «Шектеусіз шығармашылық» инклюзивті жобасы өзінің алғашқы нәтижесін көрсете бастады. Ауданымызда ұйымдастырылған ерекше концерт сөзімізге дәлел бола алады. Мұнайшылар саябағында өткен бұл мәдени шараға аудан тұрғындары мен қонақтары жиналып, ерекше жандардың өнерін тамашалап, қошеметін аямады.

Сахна төрінде өнер иелері ән шырқап, би билеп, қолөнер туындыларын ұсынды. Әрбір қойылым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, сахна мен саябақтың ауласын қуаныш пен шаттыққа толтырды. Атап айтсақ, «Әжелер» тобы әсем әндерімен көрермен жүрегін жауласа, Кәусар Кәрімқызы, Жанерке Бохсариева, Арай Сейнебай және Рамазан Ұлықпан әсем қимылымен сахнаны ажарландырып, би өнерінің құдіретін паш етті. Ал Мансұр Ысқақов, Жайнаргүл Баймешова мен Айнагүл Жекеева жүрекке жетер әсерлі әндерімен көпшілікті тербетіп, Медет Саматұлы мен Қайырова Ақбаянның белсенділігі концерттің жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп, шараның шырайын кіргізді.

Концерт барысында тек өнер ғана емес, ерекше жандардың өмірге деген құлшынысы, қайсарлығы мен еңбексүйгіштігі айқын сезілді. Әрбір қойылымда олардың шынайылығы мен жүректен шыққан ыстық ықыласы көрініс тапты. Ән мен би арқылы жеткізілген қуаныш пен шабыт көпшілікті бейжай қалдырмады. Бұл – өнерпаздардың тек сахна төрінде ғана емес, күнделікті өмірде де белсенді, жігерлі екенін, қоғамда өз орнын табуға ұмтылып келе жатқанын дәлелдеді.

Расында бұл шара – тек концерт қана емес, мейірім мен бірліктің, сенім мен шабыттың мерекесі болды. «Шектеусіз шығармашылық» инклюзивті жобасы ерекше жандардың өмірге деген құштарлығын, өнерге деген сүйіспеншілігін айқындап, қоғамға да үлкен ой салды. Сондай-ақ бұл жоба алдағы 11 айды қамтып, үйде отырған мүмкіндігі шектеулі жандарды түрлі салада қолдап, қамқорлық көрсетуді мақсат етеді. Сахнаға шыққан әрбір өнерпаздың жүрекпен орындаған туындысы көрерменге қуаныш сыйлап қана қоймай, «шын талантқа ешқандай шектеу жоқ» деген ойды айқын көрсетті. Бұл жобаға қатысқан ерекше жандар өз армандарын жүзеге асырып, өздеріне деген сенімділікті нығайтты. Ал көрермендер олардың қайсарлығынан, өнерге деген адалдығынан үлгі алды. «Шектеусіз шығармашылық» шын мәнінде шекарасыз мейірімнің, шексіз қолдаудың көрінісі.

Ә.БЕРІШ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT